Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының мәжіліс залында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің өкілі Алтынкүл Ағабаева, бірқатар аудандық мәслихат депутаты және аудан тұрғындары қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар ауылшаруашылығы мен білім саласына қатысты мәселелерімен қайырылып, оларға заң аясында ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Гүлдара Алданышқызы тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдап, біраз мәселені депутаттық сауалмен жолдайтынын жеткізді.
Одан соң Гүлдара Алданышқызы аудан орталығындағы «Батыс» ықшам ауданында бой көтерген бес қабатты 60 пәтерлік аяқталуға жақын қос тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бұдан кейін сапар Қарасу ауылында жалғасты. Мәжіліс депутаты мұнда «жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық білім ордасының құрылыс нысанын аралады.