Өткен аптада Қордай ауылының орталық саябағында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келетін іс-шарада әдеттегідей әр түрлі мекеме өкілдері жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындарын ұсынып, мамандар келушілерге кеңестерін берді.
Айта кетсек, бұл жолғы іс-шара әдеттегіден ерекше өтті. Жәрмеңкеге Павлодар облысы Баянауыл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Омарова және жұмыспен қамту орталығының маманы Т.Жанахметова қатысты. Солтүстік өңірден келген мамандар халықты өздерінің ауданына көшуге үгіттеп, бос жұмыстардың тізімін ұсынды. Сонымен қатар, олар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші тапшы ауданға қандай көмек көрсетілетінін баяндап берді.
Мәселен, қоныс аударуға бел буған әрбір отбасы мүшесіне 204190 теңге төленсе, 12 ай бойы тұрғын үйді жалдауға қаражат бөлінеді екен. Сонымен қатар, жұмысқа тұруға жәрдемдесіп, балаларын балабақша мен мектепке орналастыруға да көмек көрсетіледі екен.
— Баянауыл ауданы шұрайлы жерімен, керемет табиғатымен ерекшеленеді. Біздің аймақ о бастан қазақтың нағыз киелі мекендерінің бірі саналады. Бұл жерден әулиелер мен ғұламалар көп шыққан. Асан Қайғы айтқандай «бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалатын» мекенде ауыл шаруашылығы, туризм жақсы дамыған. Ауыл нағыз қазақи. Адамдары мейірімді. Сонымен қатар, ауданда өндіріс көздері де бар. Біз бүгін Қордай ауданы тұрғындарына 66 жұмыс орнын ұсынып келдік. Ал, еңбек етемін дегендерге әрдайым жұмыс табылады, — дейді М.Омарова.
Мамандардың айтуынша, Баянауыл ауданына 2017 жылы 8 отбасы, 2018 жылы 36 отбасы, 2019 жылы 44 отбасы, 2020 жылы 9 отбасы, ал 2021 жылы 6 отбасы көшіп барған екен. Олардың барлығы жаңа қонысқа бейімделіп, жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, аталмыш ауданда жылжымайтын мүліктің бағасы біздің ауданнан әлдеқайда төмен. Демек, баспана алу мәселесінің шешімі оңайырақ болары анық.
Осы күні жәрмеңкеге қатысушыларға 177 бос жұмыс орны, оның ішінде: білім саласы бойынша 60 бос жұмыс орны, денсаулық сақтау саласы бойынша 17 бос жұмыс орны, әр түрлі жұмыстарға100 бос жұмыс орны ұсынылды. Аталған жәрмеңкеге 9 жұмыс беруші қатысты, оның төртеуі мемлекеттік мекемеден болса, бесеуі жеке кәсіпкер.
Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан елуден астам азаматтың ішінен 6 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға және 1 азамат жастар тәжірибесіне тартылды, 18 азамат жұмыс берушімен сұхбаттасуға жолданды және 17 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар алуға және шағын несие бойынша 15 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Солтүстік өңірлердің өкілдері қоныс аударуға қызығушылық танытқан 30-дан астам азаматқа бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Еркін Қатбеков