Баршаға белгілі, елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Аграрлы аудан ретінде қордайлықтар бұл шарада белсенділік танытатыны белгілі. Осы орайда Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі алаңында аудан басшысы Бегзат Болатбеков бұқаралық ақпарат құралдары алдында тікелей эфирде ауыл шаруашылығы санағын ауданда ұйымдыстыру, өткізу турасында баяндама жасады.
«Бұл санақ – еліміздің аграрлық секторындағы ахуалды нақты бағалап, ауыл шаруашылығы саласын тиімді жоспарлау мен дамыту үшін қажетті мәліметтерді жинауға бағытталған кең көлемді статистикалық зерттеу болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өткізіледі. Санақтың өткізілу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарындағы маусымдық ерекшеліктер ескеріліп, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Бұл жұмыс екі кезеңде жүргізіледі: 1 – 31 тамыз аралығында – онлайн-сауалнама кезеңі, респонденттер sanaq.gov.kz сайты арқылы өз бетінше санақ парақтарын толтыра алады. 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын аралау арқылы сауалнама жүргізу кезеңі ұйымдастырылатын болады», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Баспасөз конференциясында белгілі болғандай Қордай ауданы бойынша қазіргі таңда 26 093 үй шаруашылығы, 3 482 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Оның ішінде 104 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 3 378 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтары бар. Санақтың негізгі кезеңіне ауданымызда 12 нұсқаушы және 54 интервьюер жұмысқа қабылданған. Интервьюерлер планшет құрылғылары арқылы сауалнама жүргізеді. Әрбір интервьюерге орта есеппен 540 үй шаруашылығын аралау жүктелген.
Санақтың тиімді өтуі үшін барлық 19 ауылдық округте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, баннерлер ілініп, Қордай ауылының орталық саябағында LED экран арқылы ақпараттар көрсетілуде. Әр округте арнайы қызмет көрсету орындары ашылып, респонденттерге қолдау көрсету үшін жауапты мамандар жұмыс істеуде.
«Ауыл шаруашылығы санағы – бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, шаруа қожалықтарға мемлекеттік қолдау және ауылдық өңірлердің дамуын жоспарлау үшін қажетті шешімдердің негізі. Сондықтан баршаңызды осы маңызды науқанға белсенді түрде қатысып, ел болашағына өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз», — деген аудан әкімі жиынға қатысқан БАҚ өкілдері және тікелей эфир арқылы тамашалаған тұрғындардан түскен сұрақтарға нақты жауаптар берді.
Жандос ОМАРОВ