«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау табуда.
Бүгінде аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы азаматтардың жеке мәселелерін тыңдап, олардың базынасына құлақ асып, тиімді шешімдер ұсынуда. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер дер кезінде шешімін тауып, әлеуметтің назарын аударатын түйткілдер жедел түрде шешілуде. Талуда өткізілген қабылдауда азаматтар тұрғын үй, жер, жұмысқа орналасу, жоғары оқу орындарына түсуге көмек көрсету және азаматтық алу мәселелерімен қайырылды.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесіне назар аудара отырып, заңдылықтарға сәйкес түсіндірмелер берді. Жұмыссыздық мәселесін көтерген тұрғынға бос жұмыс орындары бар екенін атап өтіп, тиісті сала басшыларымен байланыс орнатып, бұл мәселені шешуге бағытталған тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, заң аясында әрекет етудің маңыздылығын ескертіп, қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарына жауапты сала басшыларына мүмкіндіктерді қарастыра отырып, заң аясында шешу қажеттігін тапсырды.
Айта кетейік, аудан әкімінің қабылдауына жазылу үшін, аудан әкімдігі аппаратының кеңсе бөлімшесіне тікелей келіп өтініш білдіре аласыз немесе E-Otinish электронды порталы арқылы онлайн өтініш жолдауыңызға болады.