ОЛАР – МЕМЛЕКЕТ БОЛАШАҒЫ!

0

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ұлт болашағының іргетасы. Осыған орай, жыл сайын 12 тамызда атап өтілетін Халықаралық жастар күні – ел жастарына бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесін саралап, атқарылған игі істерге шолу жасайтын маңызды күндердің бірі.

Қордай ауданында жастар саясатын іске асыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кәсіпкерлікке баулу, құқықтық сауаттылығын арттыру мен белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыру бағытында кең көлемді жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Бұл ретте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің үлесі зор.

1384 ІС-ШАРА

2025 жылдың 7 айында аудан жастарына арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан 1384 іс-шара өтіпті. Оның 1121-і ауылдық округтерде жүзеге асырылып, жалпы саны 37 584 жас қамтылған.

Рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыптарын қаузаған.

Бұл көрсеткіштер жастармен мақсатты және бағытталған жұмыстың нақты дәлелі болса керек.

Ауданда волонтерлік қызметті дамыту бағытында да жүйелі шаралар қолға алынған. Техникалық және ауылдық округтердегі жастар ресурстық орталықтарының жанынан волонтерлік топтар құрылып, бүгінгі таңда 250 ерікті жас тіркелген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 84 волонтерлік іс-шара ұйымдастырылып, түрлі көмек пен қоғамдық шаралар аясында белсенді жұмыстар жүргізілді.

Осымен қатар жастар арасында әлеуметтік осал топ – NEET санатындағы жастармен де жұмыс жандана түсті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүргізілген талдау нәтижесінде Қордай ауданында 4544 жастың дерекқоры жасақталып, олардың әлеуметтік портреті әзірленді. Аталған санаттағы жастар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына және ауылдық округтердегі түрлі іс-шараларға тартылуда. Соның нәтижесінде 412 жас тұрақты жұмысқа орналасып, 80 адам қоғамдық жұмысқа жіберілген, 220 азамат мемлекеттік органдарда жұмысқа орналасса, Әлеуметтік жұмыс орындарымен 34 жас қамтылыпты.

«Жастар тәжірибесі» бойынша жіберілгендер 102, «Жастар тәжірибесі» арқылы тұрақты жұмыспен 8 жас қамтылған.

Әскерге шақыру мен әскери қызметке байланысты жаңа заңнамаларды түсіндіру мақсатында аудандық қорғаныс істері бөлімі, полиция бөлімі, ауылдық округ әкімдіктері және жастар орталығы бірлесіп 78 кездесу өткізіп, 2000-нан астам жас қамтылыпты, 183 азамат әскери борышын өтеуге аттанған.

ЗИЯНДЫ ӘРЕКЕТТЕРГЕ БІРЛЕСКЕН ТОСҚАУЫЛ

Жастар арасында лудомания, буллинг, кибербуллинг, отбасылық зорлық-зомбылық сынды теріс әрекеттердің алдын алу бойынша жұмыстар қазір мықтап қолға алынған. Бұл бағытта аудандық орталық аурухананың психологтары, полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және жастар ісі жөніндегі инспекторлардың қатысуымен 215 профилактикалық іс-шара, 85 түнгі рейд, 54 кездесу, 46 дөңгелек үстел, 8 форум, 34 акция, 1 челлендж ұйымдастырылып, кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткен.

2025 жылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 20 азамат көтерме жәрдемақы алған. Олар негізінен білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт саласы бойныша оқу аяқтап, жұмысқа орналасқандар. Ал, «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруға қомақты қаржы бөлініп, 167 жас маусымдық жұмысқа тартылыпты.

Қордай ауданында жастарға бағытталған саясаттың басты мақсаты – жас буынның әлеуетін ашу, оларды ел дамуына жұмылдыру, жұмыссыздықты азайту және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру. Осы бағытта жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.