ҮЗДІК БІЛІМ ОРДАСЫ

0

№4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицей – білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын, алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Мектептің басты мақсаты – білім сапасын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту. 2024–2025 оқу жылын №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде 1216 оқушы аяқтаған болатын. Оның ішінде 195 оқушы – үздік, 654 оқушы – екпінді, 367 оқушы – орташа білім алушылар. Мектептің үлгерімі 100 пайызды, білім сапасы 75 пайызды құрады.

Мектеп-лицей ұжымы білікті ұстаздары мен дарынды оқушыларының жетістіктерінің арқасында бірқатар ірі жеңістерге қол жеткізді. 2023 жылы «Үздік білім беру ұйымы» байқауына қатысып, «Педагогикалық инновациялар» бағыты бойынша номинация иеленіп, 500 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. 2024 жылы республика бойынша «100 үздік мектеп» тізіміне еніп, «Үздік мектеп-лицей» номинациясы мен 1 000 000 теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. 2024–2025 оқу жылында ауыл мектептеріне арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада көрсеткен үздік нәтижелері үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» атағы берілді. Бұл аудандағы білім саласының үлкен жетістігі деп түсінгенген абзал.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы» дегендей, бұл оқу жылында ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың жеткен жетістіктері аз емес. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 2024-2025 оқу жылында ауыл олимпиадасының аудандық кезеңі қорытындысы бойынша мектептен 31 оқушы облыстық кезеңге қатысып, оның 17-сі жүлделі орындарға ие болды. Ауыл олимпиадасының республикалық кезеңі қорытындысы бойынша мектептен 6 оқушы қатысып, оның 4-еуі жүлделі орындарға қол жеткізді.

Габидин Айдина, 10-сынып оқушысы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен І орын алып, «Ең үздік ауыл оқушысы» атағымен марапатталды. Жетекшісі Г.Джунушбаева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Алғыс хатпен» марапатталды. Асан Жұлдызай, 11-сынып оқушысы, химия пәнінен жүлделі ІІ орын иеленді. Жетекшісі А.Шотанбаева. Сыдық Аяжан, 11-сынып оқушысы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ІІІ орын алды. Жетекшісі Г.Джунушбаева. Алтынай Иемберген, 10-сынып оқушысы, биология пәнінен ІІІ орынға ие болды. Жетекшісі А.Карибаева.

Қорытындылай келе, ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінен І орын – 1 оқушы, ІІ орын – 1 оқушы, ІІІ орын – 2 оқушы иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық кезеңде 18 оқушы жүлделі орын алып, оның 2-еуі республикалық кезеңде топ жарды.

Батухан Қалмаханбет, 2–4 сынып оқушылары арасындағы математика пәнінен өткен республикалық «Бастау» пәндік олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшісі Гүлнара Дауткулова Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Роман Алтынцев, 7–8 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде қазақ тілі пәнінен І орын, облыстық кезеңінде І орын, республикалық кезеңінде І орын иеленіп, үш кезеңде де үздік нәтиже көрсетті. Жетекшісі Сәуле Бахрамова.

Жания Төрехан, 5–6 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде орыс тілі пәнінен І орын, облыстық кезеңінде І орын, республикалық кезеңінде І орын алып, барлық кезеңдерде топ жарды. Жетекшісі Сайра Сулеева.

Мектеп-лицейде тек біліммен ғана емес, өнерімен де тамсандырып жүрген оқушыларымыз бар. Мәселен, Шұғыла Сәрсенбай Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен «NURAY ART FEST» халықаралық көпжанрлы байқауында би бағыты бойынша Бас жүлде иегері атанды. Айару Сәрсебай осы байқауда лауреат атанды.

Майталман және білікті ұстаздарымыз бен дарыны мен еңбекқорлығы тоғысқан оқушыларымыздың бірлескен еңбегінің нәтижесінде 2025 жылы мемлекеттік және шетелдік жоғары оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алған түлектеріміздің саны 45-ке жетуде. Бұл – біздің лицей үшін үлкен жетістік. Білім ордасы оқушының арманы мен мақсатына жол ашса, одан асқан марапат болуы мүмкін емес. Еліміздің беделді оқу орындарының грантын жеңіп алған түлектеріміздің білікті маман боларына сеніміміз мол. Дарынды оқушысы, талантты ұстаздары, табанды әкімшілігі бар білім ордасының жетістігі мен марапаты жалғаса беретініне сенеміз.

Айсара ҚЫРҒЫЗБЕК, директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.