Ерте көктемнен басталған дала төсіндегі қызу жұмыс пен диқан қауымының еңбегін әркез газет бетіне жазып келеміз. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл саланың жүгі қашан да ауыр. Тынымсыз тіршіліктің күйін кешкен диқаншыларға қамбаны астыққа толтыратын сәт те келді. Осындай таудай тірліктің жүгін арқалаған шаруашылықтың бірі – Ноғайбай ауылдық округінде орналасқан «Байжігіт» шаруа қожалығы.
10 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келе жатқан қожалық биыл 200 гектарға бидай, 100 гектарға арпа, 5 гектарға қызанақ, бұрыш сынды бақша өнімдерін еккен.
Сонымен қатар, қожалық ауыл шаруашылығына қажетті 4 бірлік – комбайн, 2 бірлік – «Камаз», 3 бірлік – трактормен жабдықталған.
Қазіргі уақытта, егіс алқабындағы жүргізілген қызу жұмыстың нәтижесінде, арпа мен бидай дақылы орылып, қамбаға жеткізілген.
Ауыл шаруашылығын жаңғыртуда тәжірибені тиімді пайдалану маңызды. «Байжігіт» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолдана отырып, жоғары өнімді дақылдарды өсіруге ынталы. Құрылым нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін, егіс алқабындағы өнімдердің сапасына ерекше көңіл бөліп отырады.
Сондықтан «Байжігіт» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру арқылы аудан экономикасының белсенділігін арттыруға да ұмтылуда.
«Егіннен бөлек, мал шаруашылығымен қатар айналысудамыз. Бүгінде иелігімізде 30 бас жылқы, 700 бас асыл тұқымды «гиссар» қойы бар. Қойды байлықтың бастауы десек артық болмас. Қазір ата-баба кәсібін жалғастырып жатырмыз», — дейді қожалық басқарушысы Орынбасар Байжігітов.
Шопан атаның дәстүрін бұзбай, ата-баба кәсіптерін жалғастырып, үлкен үміт арқалап, армандаған мақсаттарына бір қадам болса да жақындатуын қарастыра отырған, «Байжігіт» шаруа қожалығы өз саласындағы жетістіктерін жыл сайын өрістетіп келеді.
Ауылдың шырайлы болашағын қамтамасыз ету үшін, бұл қожалық жетекші орындардан кем емес.
«Байжігіт» шаруа қожалығына барлық қиындықтарды жеңіп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға тілектестік білдіреміз.
Әділет САТЫШЕВ