2024 жылдан бастап елімізде кең ауқымды «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция қолға алынды. Бұл шара – тек көшені тазалау немесе қоқысты жинаумен шектелмейді. Мақсаты – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру, әр азаматтың бойында экологиялық жауапкершілікті ояту.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың уақытша емес, ұзақ мерзімді жоба екенін баса айтты.
«Таза Қазақстан – бұл маусымдық немесе бір реттік шара емес, жыл он екі ай жалғасатын, ұлттың мәдени деңгейін көрсететін бастама болуы тиіс» – деген Мемлекет басшысының сөзі халық арасында кеңінен қолдау тапты.
Содан бері республика бойынша миллиондаған азаматтар бұл игі іске өз үлесін қосып жатыр. Қазіргі уақытта 6 миллионнан астам адам сенбіліктерге қатысып, 1,6 миллион тоннадан астам қалдық жиналған. Сонымен қатар, 3,3 миллионнан астам көшет отырғызылды. Бұл – ел болашағына жасалған зор қадамның айғағы.
«Жерімізде тәртіп орнауын басқа біреу емес, өзіміз қамтамасыз етуіміз керек», – деп айтқан еді. Бұл – тек үндеу емес, азаматтық ұстаным. Тазалық пен тәртіп – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның жеке борышы.
Өкінішке қарай, мемлекет пен қоғамның күш-жігеріне қарамастан, әлі де көше мен табиғатты ластаушылар бар. Мұндай азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Мемлекеттік мекемелер мен жергілікті әкімдіктер тек ұйымдастырушы ғана емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізуші, экологиялық сана қалыптастырушы рөлін де қатар атқарып келеді. Олар азаматтарға тазалықтың – тек гигиеналық қажеттілік емес, сонымен бірге қоғамның рухани деңгейінің көрінісі екенін ұғындыруда.
«ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ»
«Тазалық – тәртіптен басталады» дейді халқымыз. Ал тәртіптің негізі – заң талаптарын орындау. Бүгінгі күні Қазақстанда қоғамдық орындарда тазалықты бұзғандарға нақты айыппұлдар қарастырылған:
Қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастағаны үшін – 10 АЕК (шамамен 39 320 теңге),
Қайталанған жағдайда – 20 АЕК (78 640 теңге),
Стихиялық (бейберекет) қоқыс орындарын ұйымдастырған азаматтарға – 100-ден 1000 АЕК-ке дейін (шамамен 393 200-ден 3 932 000 теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, бір жыл ішінде қайталанған заң бұзушылық үшін – 200-ден 2000 АЕК-ке дейін (786 400-ден 7,8 миллион теңгеге дейін) айыппұл көзделіп, қоқыс тасымалдау көліктері мен құралдары тәркіленеді.
Мұндай шаралар – жазалау үшін емес, тәрбиелеу үшін қажет. Өйткені тазалық – қоғам мәдениетінің айнасы.
Ауламыз, көшеміз, кіреберісіміз, ойын алаңы, саябақтар мен жол жиектері – бұл бәріміздің ортақ үйіміз. Оған қалай қараймыз – сол деңгейде өмір сүреміз.
Көп адам көзге ілінбейтін қоқысқа мән бермейді. Бір шылым тұқылы, – ертеңгі көріксіз мекеннің бастамасы.
«Мейлі, ертең жинап кетеді ғой» деген ой – ең қауіпті немқұрайлылық.
Ал, «Коммуналдық қызмет тазаласын» деген көзқарас – ұлтқа сын
Ертеңгі күні тазалықшылар таң ата келіп, қоқысты жинағанымен, кешке қайта пластикалық пакеттер мен бөтелкелер шашылып жатса – бұл кімге сын?
Шын мәнінде, тазалық – өзімізден басталады:
Қоқысты жерге тастамайық,
Балаларға дұрыс үлгі көрсетейік,
Жолда жатқан бөтелке немесе қағазды көтеріп тастауға ерінбелік,
Үйдің жанындағы реттілік – сіздің де абыройыңыз.
Таза көше – әкімдіктің емес, тұрғындардың еңбегі. Әр тұрғынның қатысуымен ғана ауыл мен аудан көркейеді.
ҚОРДАЙ – БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ
Бүгінде Кордай ауданы да оң өзгерістерге қадам жасап келеді. Аула тазалығы, көше тәртібі жайлы көршілер өзара бөлісіп, әлеуметтік желіде пікір алмасып, ортақ чаттарда үн қосып жүр.
Таңсәріден тұрып, қолына сыпырғыш ұстаған жұмысшылардың еңбегі – сөзбен айтып жеткізгісіз. Олар – ауыл жаңа күнді таза қарсы алу үшін, біз ұйқыда жатқанда-ақ жұмысқа кірісіп кеткен жандар.
Кордай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының директоры Қуаныш Байжигитов бұл тұрғыда былай дейді:
«Біз бүкіл ауданды қамтып, әлеуметтік нысандарды қысқа дайындаймыз, көшелерді тазалаймыз. Бірақ кейде тұрғындар қоқысты қасындағы жәшікке емес, гүлзарға лақтырып, құрылыс қалдықтарын аулаға тастап кетеді. Осындай кезде, бәріміздің ортақ үйімізді таза ұстайық, еңбекті бағалайық, деп айтқымыз келеді. Тазалық – әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымына байланысты».
Бұл мекеме тек тазалықпен ғана емес, жол жөндеу, жарықтандыру, ауызсу, қысқы дайындық сияқты маңызды жұмыстарды да атқарып келеді.
Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – басты мақсат
Тұрғындарға қарапайым сұрақ қойылды: «Басқаның тастаған қоқысын қаншалықты жиі жинайсыз?»
Бір азамат: «Мен салық төлеймін. Жинау – олардың жұмысы. Өзімнен артылмаймын, сол жеткілікті», – десе,
Бір әже: «Ауылым – менің үйім. Жерде жатқан қағазды көтерем, өйткені тазалық – тәрбие», – деп жауап берді,
Бір ана: «Балам мені көріп өседі. Үлгі – сөзден күштірек», – деді.
Бір студент: «Бұл – менің де аулам. Егер мен жинамасам, кім жинайды?» – деді.
Бұл жауаптар – қоғамдағы тазалық мәдениетінің көрсеткіші. Бірі жауапкершілікті өзгеге ысырады, ал бірі өзінен бастайды.
Көп адам «Бір адамнан не өзгереді?» деп ойлайды. Бірақ сол бір адам, бір аула, бір көше – бүкіл елге үлгі бола алады.
Егер бір аулада 10 адам осыны өз міндеті деп білсе – аула өзгерер еді.
Егер бүкіл аудан өзгерсе – облыс өзгереді.
Егер әр қазақстандық үлес қосса – елдің экологиялық келбеті түбегейлі өзгереді.
Қорытынды: Тазалық – бәрімізге ортақ жауапкершілік.