«МӨЛДІР БҰЛАҚ» — ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы бүгін Алға ауылдық округінде өтті.

Игі бастамаға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауыл ақсақалдары, қонақтар мен жастар қатысты.

Алға ауылы маңындағы тау бөктерлеріндегі бұлақ көзін ашу жұмыстары жүргізілген шара барысында аудан әкімі акцияның басты мақсаты – тазалықты сақтау, қоршаған орта мен табиғатқа деген жанашырлықты арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ Бегзат Сейсенқұлұлы қазіргі таңда Қордай ауданындағы 11 ауылдық округ аумағында 60-қа жуық бұлақ көзі бар екенін айтып, Алға ауылында өтіп жатқан бұл шараның сол бұлақтарды күтіп-баптауға және жаңғыртуға үлгі болатынын жеткізді. Сонымен қатар, осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

Өз кезегінде Алға ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Байсуанов ақсақал атадан мұра болып жеткен бұлақ көздерін қайта жаңғырту жұмыстарына үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, бұл бастаманың елдік пен бірліктің айқын көрінісі екенін айтып, ақ батасын берді.

Одан кейін әсем ақ тастармен көмкеріліп, арнайы қоршалып, жолдары жасалған бұлақ басында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған қариялар ырымын жасап, мөлдір судың көзін ашты. Жиналған жұрт тау бұлағының суынан дәм татты.

Шара соңында аудан басшысымен бірге көпшілік ағаш көшеттерін отырғызып, осындай игі бастамалардың ауданның басқа да ауылдарында жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.