Зейнетақы активтерінің 12 айдағы кірістілігі – 14,74%

0

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған және ҚРҰБ басқаратын зейнетақы активтерінің соңғы 12 айда салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген табыстылығы 11,80% инфляция кезінде 14,74% болды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен зейнетақы активтерінің табыстылығы соңғы 12 айда 12,52% құрады. 

Зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді жеке кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Өйткені қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі қысқа мерзімде есептелген кірістер осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін әрдайым жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды кем дегенде бір жылдық көрсеткіші бойынша жасаған жөн.

Орта және ұзақ мерзімді келешекте зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) табыстылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 тамызға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 1030,53% болды, ал бүкіл кезеңдегі инфляция 899,22%.

2014 жылдан бастап (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған таза инвестициялық табыс – 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 13,81 трлн теңге. 01.08.2025ж. жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі жүзеге асырылған төлемдер есебімен 41,9% жетті, бұл азаматтардың жинақтау құрылымында инвестициялық қызметтің маңызды орын алатынын көрсетеді.

Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшының  enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.

БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.