Сот билігінің тәуелсіздігін арттырған

0

Еліміздің Ата заңы отыз жылдың ішінде елдіктің тұғырына, халықтың тірегіне айналды.  Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген соңғы өзгерістер сот жүйесінің жаңашылдықтарын айқындап, сот органдарының тәуелсіздігі мен халыққа қызмет көрсету тиімділігін күшейтуді көздейді. 2022 жылы өткізілген республикалық референдумда Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізіліп, ол заң ретінде бекітілді. Атап айтсақ, Президенттің билік өкілетін шектеп, парламенттің әсерін күшейтуді мақсат етті, Президент саяси партия мүшелігінен шығарылды, президенттің жақын туыстары мемлекеттік лауазымдарға орналасуына тыйым салынды, облыс әкімдерінің және қала әкімдерінің тағайындалуы халық пен мәслихат күшімен жеңілдетілді, сенаттағы президент тағайындаған депутаттардың саны азайып, түзетулер қабылданды, мәжіліс мандаттарының түрі мен саны қайта қаралды.

Құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық Соттың құрылуы болды. Бұл реформалардың мақсаты – сот билігінің тәуелсіздігін арттырып, билік тармақтары арасындағы балансты нығайту.

Азаматтарымыздың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғайтын орган болғандықтан, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарау басты міндеті болып табылады.

Орындаушы органдар мен заңдардың Конституцияға сәйкестігін тәуелсіз түрде талдау, конституциялық нормалар мен халық құқықтарын қорғау жөніндегі шешімдер қабылдау – Конституциялық соттың басты міндеті. Бұл мүмкіндік сот жүйесінің жоғары деңгейде тәуелсіз шешімдер қабылдау қабілетін күшейтеді. Қолданыстағы заң сот процестерінің ашық әрі әділ өтуіне бағытталған. Сот өндірісі мен процедураларының ашықтығын арттыру, судьялардың мәртебесін нығайту, процестік заңнаманы жақсарту арқылы азаматтардың сот қызметіне деген сенімін нығайта түсті деуге негіз бар.

Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістер еліміздің болашағын айқындайтын басты қадамдар, яғни, сот жүйесінде жаңашылдыққа бағытталған маңызды қадам. Саяси жүйенің қайта құрылуы сот билігінің тәуелсіздігіне негіз қаласа, Конституциялық соттың құрылуы конституциялық бақылаудың жұмыс істеуін жақсарта түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр.

М.Омарова, Қордай аудандық сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.