Аудан әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған кеңес өтті. Жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков төрағалық етті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. «Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу – экономиканы жаңғыртудың басты тірегі. Сондықтан бізге артылған міндетті уақытылы әрі сапалы орындау қажет», — деді Б. Болатбеков.
Алғашқы болып аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Света Абдужалиева баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауда негізгі жеті бағытты айқындады. Соның бірі – инвестиция тарту. «Қордай ауданында 2028 жылға дейін жалпы құны 74,8 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылып, нәтижесінде 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. 2025 жылы 50 млрд теңгелік бір ірі жоба жүзеге асырылды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында 2025 жылдың қорытындысымен өндіріс көлемін 5 пайызға арттыру көзделуде»,-деп нақты ақпараттармен бөлісті.
Осыдан кейін сөз алған аудан әкімдігінің өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Алмас Алимхожаев: «Президент Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа белеске бастайтын нақты жол картасы. Бұл маңызды құжатта белгіленген міндеттерді орындау – әрбір сала маманының, әрбір мекеме мен әрбір азаматтың ортақ борышы деп ойлаймын»,-деп Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттар бойынша тоқталып өтті.
Ал аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов Жолдаудың бесінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне арналғандығын тілге тиек етіп, аудан көлемінде 71 көпқабатты тұрғын үй барын, оның 93 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екенін мәлімдеді.
«Биыл 0,8 шақырым жылу желісі жаңартылып, жүйенің тозу деңгейі 10 пайызға төмендеген. Аудан халқының 90,2 пайызы ауыз сумен қамтылған. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген барлық бастамалар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған орай, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүктелген міндеттер тиісті деңгейде орындалатын болады»,— деді бөлім басшысы.
Осыдан кейін сөз алған аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов Президенттің агроөнеркәсіп кешеніне қатысты тапсырмаларына тоқталды. «Президент 2030 жылға дейін суармалы жерлер көлемін 3 млн гектарға дейін ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімін 4,5 есе арттыру қажеттігін тапсырды. Аудандағы басты түйткілдердің бірі – су тапшылығы. Әсіресе, Георгиевский магистралды каналы арқылы келетін судың көлемі қажетті 18 м³/сек орнына небәрі 7–7,5 м³/сек деңгейінде ғана жеткізілген. Бұл мәселені шешу мақсатында бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Соның ішінде Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын 16,9 млн м³-ке дейін ұлғайту, «Ырғайты» мен «Қалғұты» су қоймаларының жобалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қордайлықтар да зор қызығушылық танытып отыр. 2025 жылы ауданнан 26 жоба қабылданып, оның 14-і қаржыландырылды»,-деп мәлімдеді баяндамашы.
Ал Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдын Байбековтің айтуынша, биылғы жылы Қордайға 10 жас маман тартылған. Жас дәрігерлерді қолдау мақсатында әлеуметтік жәрдемақылар бөлініп, бір жолғы көмектер көрсетілді. «Медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Соңғы жылдары жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи жабдықтар сатып алынды, мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылды, ауданға жаңа реанимобиль берілді, Үлкен Сұлутөр ауылында амбулатория, Сортөбеде ауылдық емхана бой көтерді, алдағы уақытта 270 орындық жаңа аудандық аурухана салу жоспарда бар», -деп баяндады Айдын Байбеков.
Кеңесте аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Рауан Өскенбаев та баяндама жасап, құқық қорғау органдарының жұмысы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру дәуірінде полиция қызметін де заманауи технологиялармен қамтамасыз ету басты назарда.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет те сөз алып, елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда ардагерлердің атқарар рөлі зор екенін атап өтті. «Цифрлық дәуір талабына сай біз де жаңа технологияны игеріп, жастарға үлгі болуымыз керек», – деді ол.
Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін аудандық деңгейде нақты іс-шаралар жоспары жасалатынын жеткізді. «Бізге артылған жүк ауыр, оған барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жолдауда айтылған міндеттерді орындау бойынша аудандық іс-шаралар жоспары әзірленуі қажет. Сондықтан әрбір бөлім мен мекеме жоспарды сапалы орындап, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарға белсене атсалысуы қажет», – деді аудан басшысы.