Қордай ауданы облыс ауыл шаруашылығында маңызды орын алатын өңірлердің бірі. Биыл ауданда жүгері егу көлемі 6 500 гектарды құрады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановтың мәлімдеуінше, жүгері алқаптарындағы өнімділік пен техникалық қамтамасыз ету деңгейі биыл жоғары.
Мысал ретінде «Бай Нұр» шаруа қожалығының 50 гектар алқабындағы жүгері егу тәжірибесін қарастыруға болады. Бұл шаруа қожалығы заманауи технологияларды қолдану арқылы гектардан 70 тоннаға дейін өнім алуда. Жүгерінің биіктігі кей жерлерде 4 метрге дейін жетеді, бұл жақсы күтім мен тамшылатып суару әдісінің арқасы.
Техника жағынан шаруашылықта «John Deere» брендінің комбайндары мен тракторлары жұмылдырылған. Бұл өнім жинау жұмысын жылдам әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Шабылған жүгері негізінен силосқа дайындалып, мал азығына айналдырылуда.
Жүгері егу мен жинау науқанының сәтті өтуі үшін аудан бойынша техникалық жабдықтар мен жанар-жағармай қоры жеткілікті. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына қажетті отын көлемі толықтай қамтамасыз етілген. Бұл шаруашылықтардың жұмысының үздіксіз жүруіне септігін тигізеді.
Қазіргі уақытта сүрлемдік жүгері (силосқа арналған) жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыдан кейін көп ұзамай дәндік жүгеріні ору бас-талады, бұл аудан шаруашылықтарының күзгі жұмыстарына дайын екендігін көрсетеді.
«Биылғы еңбегіміз жақсы өнбегін беруде. Әр гектардан 70 тоннаға дейін өнім алудамыз. Өздеріңіз көрген жүгерінің тұқымы «Сенгента Гладиус» деп аталады. Біздің жерде бұл тұқым жақсы өнімімен, сапасымен шаруалар көңілінен шығуда. Оның дәні жоғары өнімділігі, төзімділігі мен әр түрлі топырақ жағдайларына жақсы бейімделуімен ерекшеленеді. Алдағы аптада 50 гектарлық алқапты толығымен аяқтап шығамыз деген жоспарымыз бар», — дейді ШҚ шаруашылық меңгерушісі Досым Асылбек.
Заманауи технологияларды пайдалану, тиімді ұйымдастыру және материалдық қамтамасыз ету арқасында өнімділік жоғары. Бұл ауданның ауыл шаруашылығын әрі қарай дамытуға тың серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосады.
Айта кету керек, аграрлы аудан саналатын Қордайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 600 мың гектардан асып жығылады. Оның 140 мыңға жуығы егіс алқаптары. Биыл онда күздік бидайдан бөлек жаздық арпа, дәндік жүгері мен майлы дақылдар егілген.
Жандос ОМАРОВ