Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында Қарасу ауылдық округінің әкімі Жанияз Әлхан журналистерге 2025 жылдың жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді.
Қарасу ауылдық округі құрамына Қарасу және Өтеген ауылдары кіреді. Мұнда 5872 адам тұрады, олардың қатарында 13 ұлттың өкілдері бар. Ауылдық округте 4 мектеп, 2 балабақша, спорт мектебі, амбулатория, фельдшерлік пункт, Мәдениет үйі, ауылдық клуб, сондай-ақ дүкендер, дәріханалар және шағын бизнес нысандары жұмыс істейді.
Әкімнің айтуынша, «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 35 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік осал санаттағы үш отбасы жалпы сомасы 1,6 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Сонымен қатар, онкологиялық және туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеуге, газ желісіне қосылудағы көмекке және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетуге қаражат бөлінді. Ауыл тұрғындарының бастамасымен 2 млн теңгеге жуық көлемде қайырымдылық көмек көрсетілген.
Округтегі мектептерде 782 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, оның 128-і – әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан. Қазіргі таңда Қарасу ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектеп 2025 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында екі медициналық мекеме жұмыс істейді. Есепті кезеңде округте 52 сәби дүниеге келген.
«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 750-ден астам ағаш отырғызылып, санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Көшелерге жарық шамдары орнатылып, бейберекет қоқыс орындары жойылған. Сонымен қатар, қызметтік автокөлік сатып алынды, су құбырлары мен жарықтандыру желілерінің күтімі жүргізілді, стадион мен саябақты жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
2025 жылға ауылдық округ бюджетінің кіріс бөлігі 106 млн теңге болып жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 33,6 млн теңге немесе 31,6% көлемінде кіріс түскен. Ал шығыс бөлігі 99% игерілген.
Жанияз Әлхан өз баяндамасында, есепті мерзім ішінде округте бірде-бір қылмыстық құқықбұзушылық тіркелмегенін атап өтті. Бұл – тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенім мен тиімді жұмыстың нәтижесі.
Брифинг соңында әкім тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын айтып, журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді.