Ветеринария саласына мониторинг

0

16 қыркүйекте Қордай ауданы әкімдігінде Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен Қордай ауданы бойынша ветеринария саласына жүргізілген қоғамдық мониторинг аясында азаматтарды жеке қабылдау өткізілді.

Қоғамдық қабылдауды Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі Арқабек Төлебаев, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі комитетінің мүшесі Рәпілбек Ағыбаев және Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкей жүргізді. Оның жұмысына Қордай аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков қатысты.

Қоғамдық қабылдау барысында ветеринария саласына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті сұрақтар көтеріліп, тиісті түсіндірмелер берілді. Сонымен қатар, осы салада жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесінде келесі мәселелер мен қорытындылар анықталды:

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің Ветеринария басқармасы тарапынан ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі және ауқымды жұмыстар атқарылған.

Аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында биотермиялық шұңқырлардың (мал қорымдарының) құрылысын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 4 жұмыс істеп тұрған шұңқыр бар. 2025 жылы қосымша 7 шұңқыр салу жоспарланған. Оның ішінде 3 нысанда (Ауқатты, Сортөбе, Ноғайбай) құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталған. Қалған 4 нысанда (Алға, Үлкен Сұлутөр, Степной, Қордай) құрылыс жұмыстары жуық арада басталады.

Ауру малды санитариялық сою, жануарларды бірдейлендіру, эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық шаралар белгіленген жоспарға сай іске асырылуда. Атап айтқанда, бруцеллезге шалдыққан 20 мал санитариялық жолмен жойылып, қалған ауру малға вакцина егілді.

Қаңғыбас жануарлармен күрес те назардан тыс қалмаған. Ағымдағы жылы 423 бас қаңғыбас ит жойылды. Сонымен қатар, Қордай ауылында арнайы питомник салу жұмыстары жүргізілуде. Алайда құрылыс жұмыстары су және электр желілеріне қосылу үшін қажетті қаржының тапшылығына байланысты толық аяқталмай отыр.

Жануарларды бірдейлендіру, дерекқорды жаңарту, сырғалау және төлқұжат беру, сондай-ақ халықпен ағарту және түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындардың ветеринариялық сауаттылығын арттыруға және жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпал етуде.

Қоғамдық мониторинг нәтижелері көрсеткендей, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласында бірқатар оң жұмыстар атқарылғанымен, құрылыс жобаларының толық аяқталмауы және қаржыландыру мәселелері сынды кейбір түйткілдер әлі де бар.

Осыған байланысты қоғамдық қабылдау барысында көтерілген сұрақтар мен анықталған мәселелер тиісті уәкілетті органдарға жолданды.

Ал, 17 қыркүйек күні облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімі Бегзат Болатбековпен кездесіп, сапар барысындағы көтерілген сұрақтар төңірегінде сөз қозғап, аудан басшысына туындаған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде Бегзат Сейсенқұлұлы Қордай ауданы бойынша ветеринария саласында қолға алынып жатқан шаралар турасында сөз етіп, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстарды назарға алатынын ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.