2025 жылғы 23 қыркүйек күні Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков жүргізді. Күн тәртібіне сәйкес үш негізгі мәселе қаралып, сол бойынша жауапты мекеме басшылары есеп берді. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес жанындағы комиссия мүшелерінің осы тақырыптар бойынша жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижелері тыңдалды.
Жиынның күн тәртібінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қордай газ шаруашылығының 2024 жылы атқарған жұмыстары және 2025 жылдың 8 айындағы қызметі туралы мекеме директоры Марат Таңғышбаев есеп берді. Ол жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстарды, қиындықтар мен жетістіктерді баяндады. Сонымен қатар, Қордай электр тораптарын басқару жөніндегі кәсіпорынның 2024 жылы атқарған жұмыстары және 2025 жылға бекітілген тарифтер туралы басшысы Ерлан Жамбасбаев баяндама жасады. Ол энергетика саласындағы жаңартулар, тарифтік саясат және тұтынушылармен жұмыс барысын айтып өтті.
Ал, «Қазақтелеком» АҚ-ның Қордай ауданы бойынша сату бөлімінің 2024 жылы атқарған қызметі және 2025 жылға жоспарланған тарифтері туралы Қордай желілік-техникалық цехының бастығы Эрік Құрымбаев баяндама жасады. Ол интернет пен байланыс сапасы, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін көтерді.
Жиын барысында Қоғамдық кеңестің «Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі» комиссиясының мүшесі Еркін Әбілдаев тиісті мекемелердің жұмыстары бойынша жүргізілген зерделеу қорытындыларын ұсынды. Оның айтуынша, аталған мекемелер өз қызметтерін жоспарға сәйкес жүйелі түрде атқаруда. Дегенмен, кейбір бағыттарда кемшіліктер де анықталған. Сол мәселелер бойынша мекеме басшылары отырыс барысында нақты жауаптар берді.
Жиын соңында әртүрлі мәселелер қаралып, келесі отырысқа байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» комиссиясына, «Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын
пайдалану, техногендік үрдістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі» комиссиясына нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу тапсырылды.
Жандос ОМАРОВ