Қордай ауданында еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндеу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға ауданның барлық мекемелері мен ұйымдары белсенді қатысты.
Іс-шараға аудан әкімдігінің бөлімдері, ауылдық округ әкімдіктері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, сондай-ақ жастар ұйымдары мен еріктілер тартылды. Қатысушылар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, көше бойларындағы күл-қоқысты жинап, арық жүйелерін тазартты, қоғамдық орындар мен саябақтарды ретке келтірді. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар мен отырғызылған жасыл желектер әктеліп, сәндік әр берілді.
Сенбілік барысында ауылдық округтерде орналасқан елді мекендерде де ауқымды тазалық жұмыстары атқарылып, жергілікті тұрғындар да бұл шарадан тыс қалмады. Барша тұрғындардың белсенділігі ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға деген ортақ жауапкершіліктің бар екенін көрсетті.
Аталған экологиялық акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар Қордай ауданында тек бір күнмен шектелмей, алдағы апталарда да жалғасын таппақ.