Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз алаңында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдын Байбековтың қатысуымен кезекті брифинг өтті. Шара барысында ол 2025 жылдың 8 айындағы денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша кеңінен ақпарат берді. Баяндаманың негізгі бағыттары — инфрақұрылым, кадрлық әлеует, халық денсаулығы, ана мен бала қауіпсіздігі, қаржыландыру және алдағы жоспарлар болды.
Қордай ауданында денсаулық сақтау саласы жүйелі медициналық ұйымдар желісімен қамтылған. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына 1 орталық аудандық емхана, 2 ауылдық емхана, 18 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП), 12 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Стационарлық көмек 357 төсек орнымен қамтылған, оның ішінде Қордай аудандық орталық ауруханасы – 282 төсек, ал үш ауылдық ауруханада – 75 төсек бар. Сонымен қатар, 267 төсекке арналған стационарды алмастыратын көмек ұйымдастырылған.
Медициналық кадрмен қамтылу мәселесі ауданда тұрақты бақылауда.
Дәрігерлер саны 228-ден 238-ге артқан (10 мың тұрғынға шаққанда – 16,6, облыстық деңгей – 22,7). Орта буын қызметкерлер саны – 831 (10 мың тұрғынға шаққанда – 57,6, облыс бойынша – 89,1). 2025 жылы ауданға 10 жас маман келген. Жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде.
2 маманға аудан бюджетінен 100 АЕК (393,2 мың теңге) көлемінде жәрдемақы, 6 маманға облыстық деңгейде 1,2 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп, қызметтік баспана берілген.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейі үздіксіз жетілдірілуде. 2024–2025 жылдары 82 маман оқудан өтті, жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық маман инфекциялық қауіпсіздік бойынша арнайы дайындықтан өтеді.
2025 жылы денсаулық сақтау саласының материалдық жабдықталуын күшейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды.
94 млн теңгеге жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи жабдықтар сатып алынды (СРАР-аппараттар, реанимациялық жүйелер, фототерапия құралдары және т.б.);
Ауыр науқастарды тасымалдауға арналған жаңа реанимобиль алынған.
Үлкен Сұлутөр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Нысан заңсыз шығарылған активтерді қайтару арқылы және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
Медико-демографиялық және эпидемиологиялық көрсеткіштерде оң өзгерістер байқалады.
«Халық кеңесі» жобасы аясында халықпен тұрақты кері байланыс орнатылған, «Салауатты ауыл» жобасы кеңеюде, 2024 жылы Әлжан ана мен Бұлар батыр ауылдары мәртебе алды, 2025 жылы – Сортөбе, 2026 жылы – Үлкен Сұлутөр қосылады деп күтілуде.
Жаңа форматтағы «Чек-ап» профилактикалық бағдарламасы енгізілген.
Жастар денсаулық орталығы жасөспірімдерге кеңес беру және суицидтің алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Қордай ауданының денсаулық сақтау саласы алдағы уақытта мынадай басым бағыттарға көңіл бөлмек. 270 орындық көпсалалы жаңа аурухана салу,
мектептерде стоматологиялық кабинеттер санын арттыру;
төмен пайызды ипотекалық бағдарлама арқылы жас мамандарды тарту,
вакцинацияны ілгерілету үшін қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу, хирургия саласында халықаралық стандарттарды енгізу және ақылы медициналық қызметтердің аясын кеңейту.
Ж.ОМАРОВ