Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі алдаңында Қордай ауылдық округі әкімі Әділет Қаспақбаевпен брифинг өтіп, онда ауыл басшысы 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында әлеуметтік-экономикалық даму мен инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар турасында есеп беріп, әлеуметік желіде тікелей эфирден тамашалаған азаматтардың сұрақтарына да жауап берді.
Әділет Меделбекұлының есебіне тоқталып өтсек.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бұл шаралар жұмыспен қамту, ауылды абаттандыру, кәсіпкерлік пен инвестиция тарту, жер мәселесін шешу және әлеуметтік көмек көрсету сынды негізгі салаларды қамтыды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар сәтті іске асырылып, тұрғындардың сұранысы мен ұсынысына сәйкес бірқатар жұмыстар орындалды.
Атап айтқанда, ауылдық округте «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралар қабылданды. 77 жас жастар тәжірибесіне жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 19 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 170 адам тартылды. Алғашқы жұмыс орны жобасымен 8 адам жұмысқа орналасса, тұрақты жұмыс орындарына 387 тұрғын жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, «Күміс жас» жобасы арқылы 24 зейнет жасындағы азамат жұмыспен қамтылды.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бір түрі – қайтарымсыз гранттар. Биыл 29 азамат осындай грантқа ие болды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Қордай ауылында да қарқынды жүзеге асырылды. Аталған акция аясында қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, жастар ресурстық орталығының инспекторлары және округ әкімдігі қызметкерлері бастамашыл топ құрып, апта сайын рейдтер ұйымдастырды. Рейд барысында ауыл тұрғындары мен кәсіп иелеріне тазалықтың маңыздылығы түсіндіріліп, арнайы хабарламалар таратылды.
Кәсіпкерлер өз нысандарының маңын ретке келтіріп, көлік тұрақтарын асфальттап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындарына 2000-ға жуық хабарлама таратылып, жеке аула маңын таза ұстау және қоқыс шығару қызметімен келісімшарт жасау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында ауыл аумағына 200 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Жыл басынан бері рұқсат етілмеген жерлерге төгілген 23 қоқыс орны анықталып, жойылды. Әкімдік қызметкерлері түнгі рейдтер ұйымдастырып, заңсыз қоқыс тастайтындарды анықтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қордай ауылынан жалпы сомасы 69 миллион 972 мың теңгеге 10 жоба мақұлданып, іске асырылды. Атап айтқанда, 2 жиһаз цехы, 2 тігін цехы, кондитерлік цех, құс өсіру (бройлер) шаруашылығы, жылыжай, ТЖО, ет өнімдерін өңдеу цехы және пескоблок шығаратын өндіріс іске қосылды. Бұл жобалардың нәтижесінде 17 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда асыл тұқымды сауынды сиыр сатып алу бойынша да жаңа несие жобасы қарастырылып жатыр. Несие шарттары бойынша 5 жылға 9,8 миллион теңгеге дейін, 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілмек.
Ауылдағы инфрақұрылымдық жұмыстар аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Жібек жолы көшесі мен «Самал» ықшамауданында шағын футбол алаңшалары орнатылып, жасанды жабынды төселді, қоршаулар қойылды. Сондай-ақ, спорттық жаттығу алаңдары, жаяу жүргінші көпірі, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мемориалдық кешен, көше жарығы, автотұрақтар, жаяу жүргінші жолдары, су мұнарасы орнатылып, жалпы ұзындығы 5,415 шақырым болатын ауыл ішілік көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2025 жылдың 9 айында ауылда 7 жоба жүзеге асырылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобалар қатарында көлік жуу кешендері, кафетерийлер, құм блок цехы, техникалық қызмет көрсету орталығы мен дүкендер бар.
Қордай ауылдық округі бойынша қазіргі уақытта 13 602 азамат жер телімін алу кезегінде тұр. Ауыл әкімдігі кезек бойынша берілген, бірақ пайдаланылмай жатқан жер телімдеріне зерделеу жүргізіп, құрылыс жүргізілмеген 81 телімді қайтарып алды. Бұл – жаңа кезекте тұрған азаматтарға мүмкіндік ашты.
Ауыл белсенділері мен кәсіпкерлердің қолдауымен жыл басынан бері тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты қарияларға 3,5 миллион теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы аясында 36 оқушыға 1,4 миллион теңгеге мектеп формасы мен қажетті құралдар сыйға тартылды.
Келер жылы Қордай ауылында жол жөндеу, жаяу жүргінші жолдарын кеңейту, су ағатын арықтар мен автотұрақтар салу жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, Жібек жолы, Әл-Фараби, Жамбыл, Қазбек би, Нығмет Сауранбаев және Қонаев, Жеңістің 50 жылдығы, Шу, Аңырақай көшелерінде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаяу жүргінші жолдарын қайта жаңғыртып, жаңадан автотұрақтар салу жоспарда бар. Сонымен қатар, канал бойын абаттандыру мен жаңбыр суын ағызуға арналған арық жүйесін салу да алдағы маңызды міндеттердің қатарында.
Бұл жұмыстар ауыл келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Жандос ОМАРОВ