Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ұстаздар күніне орай тағылымды кездесу өтті. Шараға №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің 6 «Ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Жадыра Тілекиева қатысты.
Кездесуге білім беру саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер ұстаздар арнайы шақырылды. Атап айтқанда, жарты ғасырлық тәжірибесі бар, білім саласында басшылық қызмет атқарған Мира Үсенова, бірнеше мектепте директорлық қызмет атқарған білікті педагог Ғалия Шарипова және қазіргі мектеп директоры Гүлмира Байсуанова.
Мира Үсенова бала күнінен кітапқа құмар болып өскенін, сол әдет оның өмір жолын анықтағанын айтты. Ұстаздық қызметін 1974 жылы бастап, кейін №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №4 мектеп-лицейінде директор болды. Қазіргі таңда зейнетте болса да, жеке балабақша басқарып, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді. Оқушыларға:
«Кітап оқудан жалықпаңдар, білімге ұмтылыңдар. Спортпен айналысыңдар – ол рухты шыңдайды. Адал еңбек еткен адам ғана арманына жетеді» – деп ақыл-кеңесін айтты.
Ғалия Шарипова – ұстаздар әулетінен шыққан жан. Ата-анасы мен енесі де мұғалім болған. Балалық шағында анасына дәптер тексеруге көмектесіп жүріп, мұғалім болуды армандаған. Кейін бұл арманы орындалып, бірнеше мектепте басшылық қызмет атқарған. Қазір Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
Ол: «Кітап – ойдың кеніші. Көбірек оқыңдар, сөздік қорларың бай болсын. Өз ойыңды еркін жеткізу үшін білім керек» – деп жастарды білімге шақырды.
Гүлмира Байсуанова – №4 мектеп-лицейдің директоры. Ұстаздық жолын математика пәнінен бастап, мектеп басқару ісінде де табандылық танытып келеді. Ол әкесінің де ұстаз болғанын, ал мектептегі сүйікті мұғалімі мамандық таңдауға ықпал еткенін атап өтті.
«Балжан Бөлтірікова сынды ірі тұлғаның есімін иеленген мектепте қызмет ету – зор мәртебе. Мектебіміздің «Ең үздік ауыл мектебі» атануы – бүкіл ұжымның еңбегі» – деді ол.
Кездесу барысында оқушылар қонақтарға мазмұнды сұрақтар қойып, ұстаздар өздерінің балалық шақтағы армандары мен еңбек жолындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Оқушылар кездесудің соңында ұстаздарға жүрекжарды тілектерін айтып, естелік суретке түсті.
Бұл тағылымды шара ұстаздық мамандықтың маңызын тағы бір мәрте айшықтап, жастарға үлкен ой салды.