Қазақстан Республикасының білім саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі — Мұғалімдер күнін 2023 жылдан бастап жыл сайын 5 қазан күні атап өтуде. Бұрын бұл мереке қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын.
Қай заманда болмасын, ұстаз – ұлттың болашағын қалыптастырушы, өскелең ұрпақтың жүрегіне білім мен тәрбие дәнін себуші тұлға. Мұғалім – дәрігерді де, инженерді де, жазушы мен ғалымды да тәрбиелейтін қасиетті мамандық иесі. Әркімнің жүрегінде мәңгі сақталатын, ешқашан ұмытылмайтын бір есім бар. Ол – алғашқы ұстазы. Сол алғашқы ұстаздың бейнесі біз үшін қашан да биік, қастерлі.
Осындай ардақты ұстаздардың бірі – Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, 42 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог – Нина Михайловна Ляпина.
Нина Михайловна 1952 жылы Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Бес жасында ата-анасымен бірге Қырғызстанға қоныс аударып, сонда өсіп-өніп, үлкен, берекелі отбасында тәрбиеленді. Бала күнінен-ақ жүрегіне ұстаз болу арманы ұялаған. Мектеп қабырғасында жүріп, сабақтан кейін мұғалімдерге дәптер тексеруге көмектесіп, білімге деген құштарлығы ерте оянған еді.
Арман жетелеп, 1969 жылы Семей педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игерді. Бұл таңдауы оның өмірлік жолын анықтап берген сәт болды.
1970 жылы отбасы Қайнар ауылына көшіп келеді. Ал 1971 жылы Нина Михайловна Сарыбұлақ ауылындағы №8 негізгі мектепте ұстаздық қызметін бастайды. Уақыт өте келе ауылмен бірге мектеп те өсіп, 1975 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, орта мектеп мәртебесіне ие болады.
Нина Михайловна білім саласында шамамен жарты ғасыр қызмет етіп, 2010 жылы зейнетке шыққанымен, сүйікті ісін қимай тағы үш жыл ұстаздық етті. Бұл жылдар оның шын мәніндегі жанқияр еңбегінің куәсі болды.
30 жылдан аса уақыт бойы жас мамандарға тәлімгерлік жасап, білімі мен тәжірибесін бөлісіп отырды. Сонымен қатар аудандық бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігін басқарып, педагогикалық ізденістерге белсене араласты. Оқушыларын түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатыстырып, сан мәрте марапаттарға ие болды. Бұл – оның кәсіби біліктілігі мен мамандығына деген шынайы адалдығының айғағы.
«Мектептің табалдырығын күн сайын қуанышпен аттап, шәкірттермен жүздесуге асығатынмын. Ешқашан жұмысымды ауырсынған емеспін. Қазір балаларды қатты сағынамын. Қайталап бастау керек болса, дәл осы жолды қайта таңдар едім» – дейді ардагер ұстаз. Ол сондай-ақ қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған жаңа талаптар мен өзгерістер туралы да пікірін жасырмайды:
«Біздің кезімізде балаға уақыт жеткілікті болатын, ал қазір есеп-қисап пен қағазбастылық көп. Бұрын аз жалақыға да ынтамен жұмыс істейтінбіз. Қазір жалақы артқанымен, мектепке келуге асығатындар аз. Мамандықтың қадірін жүрекпен сезіну керек». Нина Михайловна жеке өмірінде де бақытты жан. 1971 жылы Николай Алексеевич Ляпинмен отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді: үш ұл мен бір қыз. Балалары әр салада еңбек етіп, ата-анасының тәрбиесін ақтап жүр. Үлкен ұлы Сергей туған ауылында «Нива» шаруа қожалығын басқарып, әке ісін жалғастыруда. Ортаншы ұлдары Александр мен Алексей Ресейде тұрып, түрлі салаларда қызмет етуде. Қызы Татьяна – экономист, Бішкек қаласында тұрады. Оның үш баласы бар. Бүгінде кейіпкеріміз жеті немере мен екі шөберенің бақытты әжесі. Үйі мен ауласы түрлі гүлдерге толы, шырайлы өсімдіктер мен жайқалған гүлзарлар үйдің сәнін келтіріп, жанға жылулық сыйлайды. Бұл да оның өмірге, табиғатқа, сұлулыққа деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Нина Михайловна Ляпина – өмір жолын білімге, тәрбиеге, туған ауылына және отбасына арнаған нағыз ұстаз. Оның еңбекқорлығы, кәсібіне деген сүйіспеншілігі, шәкірттеріне деген мейірімі – бүгінгі жас ұстаздарға үлгі, болашаққа бағдар.
Біз Нина Михайловна мен барлық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен рухани жылулықтарыңыз үшін мың алғыс. Шәкірттеріңіздің қуанышы, ата-аналардың алғысы, әр күннің шаттығы серіктеріңіз болсын!
Мадина УЗБЕКОВА