Аудандық музейде қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Әлия – батыр қызы сен халқымның» атты кездесу өтті.
Іс-шараға №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің 5 «Б» сынып оқушылары, тарих пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшісі Элярбек Артикбаев қатысты. Батыр қыздың есімін иеленген аяулы жандар да бұл кездесудің құрметті қонақтары болды. Олардың қатарында зейнеткер ұстаз Әлия Жүнісова, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Болатова, №3 Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Джайлаубекова, сондай-ақ Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Әлия Джанабаева бар.
Кездесу барысында оқушыларға батыр қыздың балалық шағы мен жауынгерлік ерлігі, оның есімін ұлықтау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған ескерткіштер, мектептер мен көшелердің атауы, сондай-ақ Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова музейі мен оның есімі берілген әуежай туралы мазмұнды мәліметтер ұсынылды.
Әлия Тұрарқызы өз сөзінде әкесінің соғысқа қатысып, ерлік көрсеткенін еске алып, есімін де сол кісінің қойғанын айтты. Өмірінің жарты ғасырын ұстаздыққа арнап, №3 Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектепте, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейде және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте математика мен еңбекке баулу пәндерінен сабақ берген. Қазіргі таңда зейнеткер, немерелерінің сүйікті әжесі.
Әлия Орынбекқызы есімінің тарихын ерекше ықыласпен баяндады. Әкесі оған есімді 1977 жылы Мәскеуде өткен «Ең үздік жыл әні — 77» телефестивалінде Роза Рымбаева алғаш орындаған «Әлия» әнінің құрметіне қойған екен. Бұл әннің сөзін жазған ақын Бәкір Тәжібаев, ал әні композитор Сейдолла Бәйтерековтікі. Сол жылы дүниеге келген Әлия Орынбекқызы батыр қызға деген құрметін ән арқылы жеткізіп, кездесу барысында «Әлия» әнін нақышына келтіре орындап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Әлия Теңізбайқызы болса, арғы аталарының Ақтөбе өңірінен шыққанын ерекше мақтанышпен жеткізді. Үйдің кенжесі екенін езу тарта айтып, есімін әкесінің қойғанын ризашылықпен еске алды. Ол: «Батыр болмасақ та, батырдай болып жүруге тырысып жүрміз» — деп жиналғандарға әзіл мен жылулық сыйлады. Батыр қыздың жерлесі ретінде ол Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнін орындап, іс-шараның рухын асқақтата түсті.
Әлия Сихымбайқызы да есімін әкесінің қойғанын айтып, «Әлия» есімін иелену үлкен жауапкершілік екенін тебіреніспен жеткізді. Ұстаздық жолын таңдағанына ризашылығын білдіріп: «Батыр қыздың ерлігі бізге үлгі. Біз де шәкірт тәрбиелеу арқылы елімізге қызмет етіп келеміз», — деді.
Музей әдіскері Әлия Кизирова өз сөзінде есімінің батыр қызбен аттас болуын үлкен мақтанышпен айтып, небәрі 19 жыл өмір сүрсе де, жүрегіне Отанға деген шексіз махаббат пен ерлік рухы сыйған Әлияның есімі мәңгі өшпейтінін ерекше атап өтті. Ең қызығы – кездесуге қатысқан барлық Әлиялардың есімін әкелері үлкен сүйіспеншілікпен қойған болып шықты.
Тарих пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшісі Элярбек Қуанышұлы да Әлиямен рухани байланысын тебіреніспен баяндады. Анасының да есімі Әлия екенін айта келе, өзі білім алған жоғары оқу орны – Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті батыр қыздың есімі берілген даңғыл бойында орналасқанын ерекше толқумен жеткізді.
Кездесу соңында оқушылар батыр қыз рухына тағзым етіп, өз тілектерін білдірді. Музей ұжымы келген қонақтарға алғыс ретінде сыйлыққа орамал тарту етті. Жылы жүздесу әсерлі естелікке айналып, батыр Әлияның ерлігі қатысушылардың жүрегіне қуат, бойына мақтаныш сыйлады. Бұл кездесуден кейін әрбір қатысушы Әлия есімінің асқақ рухын терең сезініп, қазақ қызының қайсар болмысына деген құрметі мен сүйіспеншілігі бұрынғыдан да арта түсті.