Қазақ халқы қашанда дастарханды берекенің бастауы, асты құрметтің белгісі санаған. «Ас — адамның арқауы», «Ырыс алды — ынтымақ» деп, дәм арқылы ағайынды жақындастырып, көңілге медеу болған. Алайда ас беру — бәсеке мен даңғазаның емес, ниет пен дұғаның көрінісі болуы керек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ас беру мәдениеті» құжатында құдайы астың негізгі мақсаты — дүниеден өткен жанға Құран бағыштап, дұға жасау, Алладан рақым тілеу екені айтылады. Сондықтан дастарханның молдығынан бұрын оның мәні мен ниеті маңызды.
Құжатта құдайы ас берудің міндетті парыз еместігі де нақты көрсетілген. Ас өткізу үшін қарызға батып, бар қаражатты жұмсау немесе мал сою шарт емес. Кейде «Елден ұят болады» деген түсінікпен шама-шарқымыздан тыс шығындалып жатамыз. Бұл — қарапайымдылықтан алыстататын әдет.
«Ысырапшылдық — жоқшылықтың бастауы» деген халық даналығында үлкен мән бар. Артық тағам мен қажетсіз шығынның орнына мұқтаж жанға қол ұшын созу, қайырымдылық жасау — құдайы астың мәніне әлдеқайда жақын ізгі іс. Дәулетті отбасы да асын қарапайым өткізіп, артылған қаражатын ел игілігіне жұмсай алады.
Қазақта «Көптің алғысы — көгертер» деген сөз бар. Ендеше, ас берудегі мақсат — көпшілікті таңғалдыру емес, көптің батасын алу, ағайынның басын қосу, марқұмды жақсы сөзбен еске алып, дұға жасау.
Дастарханның сәні — тағамның көптігінде емес, берекесінде. Ас берудің абыройы — жұмсалған қаржының көлемімен емес, жасалған ізгі амалдың салмағымен өлшенгені жөн.
Қарапайым ас — кемдік емес. Ысыраптан тыйылу — сараңдық емес. Керісінше, бұл — дәстүрге құрмет, дінге жауапкершілік және келер ұрпаққа көрсетілген өнеге.
Жанұзақ Әнебеков,
Қордай аудандық мешітінің наиб имамы