ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

0

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Үкіметке халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды жүктегені мәлім. Қордай ауданында мемлекет басшысының талабын орындау үшін арнайы жоспар құрылып, нақты істер атқарылып келеді. Мәселен, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту және тұрғындардың күрмеуі қиын мәселелеріне құлақ асып, оны шешу мақсатында 22 маусым күні аудан әкімі Р.Дәулет қоғамдық қабылдау жүргізді.

Таң ертенмен аудандық әкімдікке біраз халық  жиналды. Олардың арасында көпбалалы және жалғызбасты аналар, өзге де әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар басым болды. Қабылдауда байқағанымыз, тұрғындардың мұнда арқалап келген сауалы әр қилы болғанымен, түптеп келгенде барлығы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға қатысты болды. Мәселен, қабылдауға жазылған жалғызбасты ана әрі 3-топтағы мүгедек жан қаражаттың тапшылығынан үйін жөндей алмай жүргенін алға тартса, ендібір азаматша ұлының мүгедектігін рәсімдеуге көмек көрсетуін сұрады. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауға келгендердің арасында жер мәселесін көтергендер де аз болмады. Бір тұрғын үй құрылысына жер учаскесін сұраса, келесі азамат қора-жай салуына жер алуға көмек көрсетуін өтінді. Ал, қиын жағдайға душар болған Қаракемер ауылының тұрғыны үй-жайының толығымен өртеніп, жалдамалы пәтерде тұрып келгенін айтты. Қиыны ол өртенген үйін кепілдікке қойып, несие алған екен. Осы орайда ол аудан басшысынан тұрмыстық жағдайын түзеу мақсатында мал шаруашылығымен айналысу үшін жеңілдетілген несие алуына қолғабыс етуін сұрады.

Осы және өзге сұрақтардың барлығын тыңдап, әр тұрғынмен жекелей сұхбаттасқан Рүстем Рысбайұлы әр сұраққа тұшымды жауабын берді. Кейбір мәселе бірден қабылдауда шешімін тапса, біраз проблемалық жайттарды шешу үшін әкім жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмаларын берді. Қоғамдық қабылдауға бас-аяғы 13 азамат қатысып, барлық сұрақтарға заң аясында тиісті жауап қайтарылды. Осындай қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өтетін болады.

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.