ҚЫРАҒЫЛЫҚ ПЕН БАТЫЛДЫҚ

0

Осындай жауапкершілігі мол, қиын және қауіпті салада жүрген ауданның төтенше жағдай қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда.

Аудандағы қандай қиын жағдайға тап келсе де олар барлығына жігерлілік танытып, төтенше жағдайлардың алдын алуда жемісті қызмет атқаруда.

Осы орайда 16 қазан күні аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің басын қосқан шарада кәсіби мереке иелерін аудан әкімі Бегзат Болатбеков құттықтады.

-Бұл күн табиғи және техногендік апаттарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құтқару қызметінің маңызды ролін айқындауға арналған. Сіздерді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілікті, асқан қырағылық пен батылдықты талап ететін мәртебелі міндет. Қордай ауданының төтенше жағдайлар қызметі жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен төтенше жағдайдың алдын алуда табандылықпен еңбек етіп келеді. Құтқарушылардың кәсіби шеберлігі мен қызметке деген берік ұстанымы – елге үлгі, ұрпаққа өнеге.

Осы мерейлі мереке қарсаңында барша сала ардагерлеріне құрмет білдіре отырып, қоғамға шынайы қызмет етудің айқын үлгісі болғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Барлық құтқарушыларға қажымас қайрат, мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін! – деді аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы.

Жылы лебізін білдірген аудан әкімі бірқатар құтқарушыларды марапаттап, бұдан соң естелік сыйлықтар табысталды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерін аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Қыпшақбаева да құттықтап, марапаттады.

Осымен салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, естелік суретке түсумен аяқталды.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.