Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің алаңында Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құттықов 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, округте негізгі салалар бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
Бетқайнар ауылдық округінде кәсіпкерлікті қолдау мен халықты жұмыспен қамту бағытында бірқатар шаралар жүзеге асты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 5 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бір азамат 1,572 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, жеке кәсібін бастады. 27 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 74 тұрғын тұрақты жұмысқа тартылды. Сонымен қатар, 2 азамат қысқа мерзімді кәсіби оқудан өтіп, жаңа мамандық игерді.
Округте әлеуметтік аз қамтылған және мұқтаж жандарға көмек көрсету мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. 15 отбасыға (75 адам) жалпы сомасы 5,2 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. «Мектепке жол» акциясы аясында 10 балаға оқу құралдары табыс етілді. Сонымен қатар, 45 отбасы азық-түлік себетімен қамтылып, 280 отбасыға мерекелік сыйлықтар таратылды. 5 отбасыға қаржылай көмек көрсетіліп, онкологиялық сырқаты бар 15 азаматқа бір реттік әлеуметтік көмек берілді.
Округ аумағында 6 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда 1558 оқушы білім алуда. 130 бала мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылған, оның 25-і әлеуметтік осал санаттағы оқушылар қатарына жатады.
2025 жылы округ бойынша 18 жас әскерге шақырылды, олардың 14-і Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Ауыл шаруашылығы бағытында жалпы құны 27,4 миллион теңге болатын жобалар жүзеге асырылды. Алдағы жылы жалпы сомасы 130 миллион теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба қолға алынбақ. Оның бірі — 100 миллион теңгенің мал бордақылау алаңы, екіншісі — «ЖК Байталиева» кәсіпкерлігі тарапынан ашылатын 30 миллион теңгелік дәмхана.
Бетқайнар ауылында газбен қамту деңгейі 85 пайызға, Соғанды ауылында 90 пайызға жетті. Ауыз су жүйесіне келсек, Бетқайнарда 885 үй, ал Соғандыда 48 үй орталық су жүйесіне қосылған. Соңғысы 2024 жылы толық қамтылды.
«Жасыл белдеу» жобасы аясында 350-ден астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, 4 көше жөндеуден өтіп, бұл мақсатқа 116,2 миллион теңге қаражат бағытталды.
Қорытындысында округ әкімі Бақытжан Құттықов ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқынмен жалғасып жатқанын атап өтті. Келесі кезеңде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жалғасын табады.