БІР ҚҰТҚАРУШЫНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ

0

От — алып күш. Ол ер-тоқым тимеген асау секілді, жолында кездескеннің бәрін жалмайды. Бірақ дәл осы оттың жалыны бір баланың тағдырын түбегейлі өзгертті. Сол түні кішкентай Мәди Жәнелі үйін шарпыған жалынның ішінде қорқынышты емес, құтқарып шыққан ержүрек құтқарушыны есінде сақтап қалды.

 

Сол сәттен бастап бала жүрегінде бір ғана арман пайда болды: «Өскенде мен де құтқарушы боламын». Бұл бала уәдесі жылдар өте — өмірлік мұратына айналды.

Уақыт зымырап, 2011 жылы Мәди Көкшетаудағы Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар комитетінің техникалық институтына түседі. Бұл оқу орны — еліміздің нағыз батырларын, адамдардың өмірін қорғауға ант берген азаматтарды тәрбиелейтін ұя. Алғашқы күннен-ақ ол мұндағы білім мен тәртіптің жай ғана оқу емес, ерлік мектебі екенін ұқты. Сол жерде ол құтқарушы болу — жай кәсіп емес, бұл адам жанына адалдық, өмірге жауапкершілік, жүрек қалауымен таңдалған жол екенін терең түсінді.

Бүгінде азаматтық қорғаныс майоры Мәди Мұратұлы Жәнелі — Қордай ауданының төтенше жағдайлар бөліміндегі жетекші мамандардың бірі. Оның артында талай жылдық қызмет, ондаған төтенше жағдайдың алдын алу мен салдарын жою тәжірибесі, мыңдаған адамға көрсетілген көмек бар. Бірақ Мәди үшін бастысы — сандар мен атақ емес, біреудің өмірі сақталған сәттің қуанышы.

Мәди өз жұмысын жай міндет деп емес, өмірлік миссия деп қабылдайды. «Бастысы — апатты болдырмау. Ал оның алдын алу — құтқарушының ең үлкен жеңісі», — дейді ол. Сондықтан Мәди тек өрт сөндіріп, апаттан құтқарумен шектелмейді. Ол жүздеген үйді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді, жергілікті баспасөзде мақалалар жариялап, жиналыстарда сөз сөйлейді, балалармен, жастармен кездесіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бар күшін салады.

«Қай жерде менің ақылым жетіп, бір адамның өмірін сақтап қалуға себеп болсам — сол менің ең үлкен жетістігім», — дейді ол қарапайым ғана.

Қызметтестері Мәди Мұратұлын тәртіптілігі, кәсібилігі және кез келген сәтте көмекке дайын тұратын қайсар мінезі үшін ерекше құрметтейді. Ол ешқашан жауапкершіліктен жалтармайды, өзгеге демеу болып, ұжымның тірегі бола біледі.

Үйде Мәди — жай ғана офицер емес, мейірімді әке, сүйікті жар, ардақты ұл. Төрт қызы мен бір ұлының әкесі ретінде оларды батылдыққа, адалдыққа, ең бастысы — адамдыққа баулиды. Отбасы — оның тірегі, рухани күші мен тыныштық мекені. Қиын күннің соңында үйінің табалдырығын аттаған сәтте ол — жай ғана бақытты әке.

«Мен бұл мамандықты жүрегіммен таңдадым, — дейді Мәди. — Әр күнімде мені құтқарған сол батырдың үміті мен өнегесіне лайық болуға тырысамын».

Құтқарушының кәсібі — ең ауыр, бірақ ең қадірлі мамандықтардың бірі. Өйткені бұл жолда қателікке орын жоқ, әр шешімнің артында адам өмірі тұр.

Мұндай мамандықты кез келген адам таңдай бермейді — оны тек жүрегі таза, батыр рухты жандар ғана көтере алады.

Елімізде Мәди сынды азаматтар барда, әрбір қиын сәтте, әрбір апатта біреудің өмірі үшін жалынға қарай қадам басатын ерлердің барына сеніміміз нық.

 

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.