ӘР СӘТІ ТӘУЕКЕЛГЕ ТОЛЫ ҚЫЗМЕТ

0

 Қай мамандық иесін батыр деуге болады? Бәлкім, өзгенің өмірі үшін өз өмірін қатерге тігетін адам шығар. Тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, жанып жатқан үйге еш ойланбастан кіретін өрт сөндірушілердің әрбірі – осындай батырлардың қатарында. Солардың бірі – Қордай ауданы №15 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Әсет Орумбаев.

Әсет Дәулетұлы  Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында туған. 2009-2010 жылдары Маңғыстау облысындағы 2087 әскери бөлімінде шекара қызметінде борышын өтеген жас жігіт кейін туған жеріне оралып, 2015 жылы азаматтық қорғау саласында қызметін бастайды. «Жас кезімнен адамдарға көмектесуге, қиын сәтте қол ұшын беруге ұмтылатынмын. Сол қасиет мені осы жолға алып келді», — дейді ол.

Бүгінде тәжірибелі маман саналатын Әсет Дәулетұлының алғашқы кезекшілігі де есінде. Отар ауылында болған өрт оқиғасы оның жадында мәңгі сақталған.

«Хабар түскенде үйдің ішінде жас бала қалып қойғанын естідік. Үйдің іші қою түтінге толып, айналаны жалын шарпыған еді. Сол сәттегі ой – тек көмектесу. Қорқынышқа орын болған жоқ, тек бір мақсат – баланы аман алып шығу еді», — деп еске алады ол сол бір сәтті.

Қазір Әсет Орумбаев бөлімше командирі ретінде ең алдымен әріптестерінің амандығы мен тапсырманың мінсіз орындалуына жауапты.

«Біздің әр шығуымыз – қауіпті. Оқиға орнына барып, қайтып келмеуіміз де мүмкін. Кейде үйден, кейде өндіріс нысандарынан от тұтанып, адамдардың өміріне қауіп төнеді. Сондай сәттерде басты мақсат – адам шығынын болдырмау және халыққа көмек көрсету», — дейді азаматтық қорғау сержанты.

Ол қатысқан өрт оқиғалардың бірі – Қордай ауылы, Өтеген көшесі бойында орналасқан «Мақсат» жанармай құю станциясының өртенуі. «Өрт жанармай құйып жатқан автокөліктен шыққан. Жалын бірден колонкаға таралып, әрі қарай жанармай сақтау резервуарларына жету қаупі болды. Сол кезде әр секунд маңызды болды. Жеке құрам тез әрекет етті. Бірі суды бағыттап, бірі аумақты қауіпсіздендіріп, барлығы үйлесімді жұмыс істеді. Қатты түтін мен ыстыққа қарамастан, бар күшімізді салдық. Мұндай оқиғалар бізге сабыр сақтап, шешім қабылдауда жылдам болуды, кез келген жағдайда қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстану керектігін үйретеді», — дейді ол.

Өрт сөндірушінің айтуынша, соңғы жылдары өрт қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып отыр. Бөлімше қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын да үздіксіз жүргізеді. Инстаграм парақшасында және жергілікті газет бетінде қауіпсіздік туралы мақалалар жариялап, жылу маусымында тұрғын үйлерді аралап, ережелерді түсіндіреді.

«Қазір көптеген ғимараттар мен үйлер жанғыш материалдардан салынған. Сондықтан әр азамат қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Әсіресе, тұрмыстық қоқыс пен құрғақ шөпті өртемеу қажет. Осындай ұсақ немқұрайлылық үлкен апатқа әкелуі мүмкін», — дейді Әсет Дәулетұлы.

Қызметтен тыс уақытта Әсет футбол ойнағанды және атқа мінуді жақсы көреді. «Ат баптау мен үшін жай хобби емес, рух беретін іс. Табиғат аясында тыныстау, спортпен шұғылдану  жұмысқа деген күш-қуатты арттырады», — дейді кейіпкеріміз.

Отбасы да Әсеттің ең үлкен тірегі. «Жақындарым әрдайым қолдау білдіріп, жігер береді. Солардың сенімі – менің мотивациям», — дейді бөлімше командирі.

Әңгімеміздің соңында кейіпкеріміз өрт сөндіру саласын таңдауға жүрексініп жүрген жастарға да ақылын айтты: «Құтқарушы мамандығы – ерлік пен адамгершіліктің мектебі. Бұл жұмыста қорқыныш емес, жауапкершілік жеңеді. Егер шын ниетпен халыққа қызмет еткің келсе, бұл саладан өз орныңды табасың. Оның үстіне қазір ТЖ қызметі заманауи техникамен жабдықталып, жақсы өзгерістер болып жатыр», — дейді ол.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.