Сәуір айында бастау алған «Адал еңбекпен — жарқын болашаққа» атты аудандық фестиваль аясында Қордай ауданының ауылдық округтері өз өнерлері мен ұлттық құндылықтарын ортаға салып, бірінен соң бірі эстафетаны жалғастыруда. Еңбек адамын ұлықтауға бағытталған бұл игі шара елді мекендердің бірлігін, рухани байлығын айқындай түсуде.
Кезек бұл жолы Қасық ауылдық округіне келіп жетті. Бейсенбі күні Қордай ауылының орталық саябағында аталмыш округ аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған «Адал еңбекпен жарқын болашаққа» атты мерекелік фестиваль ұйымдастырды. Саябаққа жиналған жұртшылық ұлттық бояуға, сән мен сазға, ән мен әдемі әуенге толы әсерлі кештің куәсі болды.
Фестиваль аясында қолданбалы өнер бұйымдарының, кітаптар мен суреттердің, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қатысты өнімдердің көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Әдемі безендірілген көкөністер мен ұлттық тағамдар қойылған дастархан, қазақы нақыштағы киім үлгілерін паш еткен өнерпаздар, әсем ән мен мың бұралған би көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады. Көпшілік бұл шараны ауыл өмірінің, еңбектің, дәстүр мен өнердің үндескен мерекесі деп бағалады.
Фестивальдің басты мақсаты – еңбек адамын ұлықтау, жастардың бойында кәсіби мамандыққа деген қызығушылықты арттыру.
Осындай мазмұнды шаралар арқылы еңбекке деген құрмет артып, жас ұрпақтың санасында «Адал еңбек – табысты болашақтың кепілі» деген түсінік бекем орнығатыны анық.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ