«ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ»

0

Жұма күні ауданымызға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасарын аудан әкімі

 Бегзат Болатбеков және аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай бастап жүрді.

Айжан Серікбайқызы алдымен Қордай аудандық ауруханасының халыққа медициналық қызмет көрсету сапасымен және емхана жұмысының негізгі көрсеткіштерімен танысты. Атап айтсақ, облыс әкімінің орынбасары хирургия, жансақтау бөлімшелері,  жастар денсаулық орталығы, жұқпалы аурулар бөлімшесі және аудандық емханаға барды. Айта кетейік, аудандық ауруханада  тәулік бойғы стационарлық төсек саны – 282,

күндізгі стационардағы төсек саны – 64 құрайды. Емхананың бір ауысымдағы пациенттерді қабылдау қуаттылығы – 288 келушіге арналған. Аудан халқына 140 дәрігер, 471 орта буын және 116 кіші буын медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Рентген аппараты, маммограф, сандық флюорограф, ультрадыбыстық аппараттар, электрокардиографтар, эндоскопиялық жабдық және басқа да құрылғылармен жабдықталған.

Айжан Есмағамбетова әр бөлімшені аралағанда жабдықтардың жағдайын қарап, пациенттердің жағдайын сұрастырып, медициналық персоналмен тілдесті.

Келесі кезекте аудандық орталық аурухана ұжымының қатысуымен кеңес отырысын өткізіп, онда жұмыс жайы мен проблемалық тұстар талқыланды.

Әрмен қарайғы бағыт — Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы болды. 2015 жылы ашылған нысанның сыйымдылығы 30 төсек-орын. Қазіргі таңда мұнда 30 адам қызмет алуда. Ал жалпы орталық барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.

Мамандар да жеткілікті, әр бағыт бойынша денсаулығында ақаулығы бар 18 жасқа дейінгі балаларға ем-дом жасалуда.

Облыс әкімінің орынбасары танысқан ендігі нысан Қордай аудандық №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болды. 2017 жылдан бері мұқтаж қарттарға қызмет етіп келе жатқан орталық 15 адамға арналған болса, қазіргі кезде барлық орындар толық. Мұнда бүгінге 11 қария мен 4 кейуана қызмет алуда. Айжан Серікбайқызы қариялармен жылы сөйлесіп, жағдайларын сұрастырды. Ал аталар болса, өз кезегінде орталық қызметіне қанағаттанатынын және аудан, орталық ұжымы әрдайым бар жағдайларын ескеріп,  жайлы  ортада қызмет алып жатқандарын айтысты.

Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы республикалық мемлекеттік мекемесін аралаған облыс әкімінің орынбасары  «Ұлттық сараптама орталығы» Жамбыл облысы бойынша филиалының Қордай аудандық бөлімшесінің жұмысымен танысты. Айта кету керек, бөлімше халыққа сапалы санитариялық қызмет көрсетуге бағытталған «Қоректік орталарды қайнатуға арналған бөлме», «Санитарлық-микробиологиялық талдауларды зерттеуге арналған бокс», «Респираторлық инфекцияларды зерттеуге арналған бокс», «Ішек инфекцияларын зерттеуге арналған бокс», «Паразитологиялық зерттеулерге арналған бөлме», «Зерттелінген лас сынамаларды автоклавпен жою бөлмесі», «Таза автоклав бөлмесі» деп аталатын арнайы заманауи кабинеттермен жабдықталған.

Жалпы, бөлімшенің мақсатына келер болсақ, тамақтан улану, ішек жұқпалары және жұқпалы емес аурушаңдықтардың алдын алу, объектідегі санитарлық заңбұзушылықтарға жол бермеу және заңнамада қарастырылған санитариялық-эпидемиологиялық іс-шараларды орындау жатады. Тағы қоғамдық тамақтану орындарында жүзеге асырылатын азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де бар.

Одан кейін Айжан Серікбайқызы Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында болды. Нысан 2020 жылы ашылған, сыйымдылығы 21 адам, қазір мұнда 6 әйел және 9 бала паналауда. Қызмет алушылармен тілдескен облыс әкімінің орынбасары жаны жабырқаулы жандардың жағдайын сұрастырып, орталық директорынан жалпы мәлімет сұрастырды. Ал сапар соңында қызмет алушыларға кейінгі өмірлері тек сәтті болуын тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.