Әр отбасы мемлекеттің тірегі екені сөзсіз. Өйткені еліміздің еңсесі биік, керегесі кең болуы үшін қаланған уықтың мықты болуы маңызды. Осындай даналыққа толы сөздерімен отбасы құндылығын дәріптеп, жастарға үлгі болып жүрген отбасылардың бірі – Сартаевтар отбасы.
Отар ауылының тыныш тірлігінде, уақыттың сынынан сүрінбей өткен, бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығын 52 жыл бойы сақтап келген Сартаевтар отбасының өнегелі өмірі туралы сөз етейік. Жәділ Бекенұлы мен Сәндіқыз Әбдікамалқызы – бұл есімдер Отар ауылының тұрғындары үшін тек екі адамның аты ғана емес, сонымен қатар ұзақ ғұмырлы, бақытты отбасының символы.
1948 жылы Отар ауылында дүниеге келген Жәділ Бекенұлы, мектепті бітіргеннен кейін бірден еңбек жолын бастаған. Әуелде әкімшілікте әскери-есеп үстелінің инспекторы болып қызмет атқарған ол, кейіннен теміржол станциясының ауруханасында «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі ретінде халыққа қызмет көрсетті. 90-шы жылдары «Красногор» электр торабында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, 2011 жылы зейнет демалысына шықты.
Сәндіқыз Әбдікамалқызы да теміржол станциясында оператор болып, шамамен 30 жылдай адал еңбек етіп, 2006 жылы зейнетке шыққан. Екеуі де өздерінің еңбек жолында көптеген марапаттарға, төсбелгілерге, мақтау қағаздары мен алғыс хаттарға ие болған. Жуырда Қарттар күніне орай Жәділ ата жергілікті әкімдік өкілдерінің құрметіне бөленіп, аудандық мәслихат төрағасының атынан тағы бір алғыс хат алды. Бұл – олардың қоғамға сіңірген еңбегінің лайықты бағасы.
Олардың тағдыры 1972 жылы жұлдыздары бетпе-бет келгенде жазылды. Сол жылы Сәндіқыз жұмыс бабымен Отар ауылына келді. Жәділ ата әлі күнге дейін сол сәтті есте сақтап: «Сәндіқыздың сұлулығына таң қалып, бірден ғашық болдым», – дейді ол. Сол жылы шаңырақ көтерген жас жұбайлар, кейіннен 2 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың ұрпақтары да өз алдарына отау құрып, әке-шешелерінің ақ батасын алып, өмір жолдарын жалғастыруда.
«Біз Сәндіқыз екеуміз тату болдық. Сосын әр уақытта бір-бірімізді қабағымыздан түсінеміз, мені қандай жағдай болсын қолдап жүрді. Кейбір жерде ауырлықты өзіне алған сәттер де болды. Күні бүгінге дейін біз бір-бірімізге қолдау білдіруден тайған емеспіз. Қажет кезінде тоқтауымызды айтып отырамыз. Қуанышты да, қайғыны да бірге бөлістік», — дейді Жәділ ата.
Үлкен қызы Орынкүлдің бес баласы бар, мектепте қызмет атқарады. Екінші қызы Әлияның екі қызы бар, қалада технолог мамандығы бойынша қызмет етеді. Ұлы Ренаттың төрт баласы бар, Гвардейск қалашығындағы әскери бөлімшеде еңбек етеді. Әсел есімді қыздары өмірден ерте кеткенімен, одан қалған екі қызы да әжесі мен атасының қуанышына бөленіп отыр. Ең кенже ұлы Алматтың да екі баласы бар, ол да әскери бөлімшеде қызмет етеді.
«Мен дәл осы отбасына келіп, осы кісілердің келіндері болғаныма өте қуаныштымын, өзімді бақытты деп санаймын. Өйткені атам да, енем де жұбайым екеуімізге үнемі ақылдарын айтып, кеңес беріп тұрады. Өздерінің істерімен де бізге үлгі болып жүр. Екеуі де өте ақылды, мейірімді, қарапайым адамдар. Менің оларға деген алғысым шексіз», — дейді бірге тұратын Салтанат келіндері.
Қазіргі таңда олар 15 немере мен 6 шөбересінің бақытын көруде. Ең бақытты адам – отбасында өзін бақытты сезінетін адам» деген сөз бар. Шаңырақ шаттығын сақтап келе жатқан Жәділ ата мен Сәндіқыз апаның әулетінде қазір немере-шөберелер өсіп-өніп жатыр. Ұрпағының тілеуін тілеген ұлағатты жандар: «Ең бастысы елімізде тыныштық болсын. Бейбітшілік таңы сөнбесін. Бала-шағамыз аман, бауырымыз бүтін болсын», деп ақ батамен түйіндеді әңгімелерін.
«Әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ отбасын сақтап, осылайша 50 жылдан астам уақыт бірге өмір сүру үшін ең алдымен бір-бірінің арасында сыйластық болу керек, бір-біріне деген шыдамды, сабырлы болу қажет. Кез келген жағдайда түсінушілікпен қарап, «мен оның орнында болсам, не істер едім» деп ойланып сөйлеу керек», — деген кеңестерді Сәндігүл Сартаева берді.
Осылайша, 52 жылдық бірге өмір – бұл тек сан емес. Бұл – өзара құрметке, өздерінің еңбектеріне және отбасы құндылықтарына салынған өмір. Сартаевтар отбасы – біздің қоғамның алтын қоры және келешек ұрпақтар үшін керемет үлгі.
Замана өзгерді, құндылықтар басқаша болды. Бірақ бір зат өзгермейді – бұл шынайы махаббат пен отбасының күші. Отар ауылының тұрғындары Жәділ мен Сәндіқыз Сартаевтардың 52 жылдық отауы осының айғағы. Олардың өмірі – жемісі мол, еңбек пен сүйіспеншілікке толы бір тарих.
Мадина УЗБЕКОВА