Қоғам мен билік арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату – кез келген мемлекеттің басты саясатының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы бағыттағы нақты іс-қимылдардың өзегіне айналды. Азаматтарды жеке қабылдау – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы тікелей әрі шынайы диалог орнатудың маңызды тетігі. Бұл тек формалды шара емес, нақты мәселелердің шешімін табуға бағытталған пәрменді құрал болып отыр.
21 қазанда аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан әкімдігінде азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Бұл жолғы қабылдауға өзекті мәселелеріне жауап іздеген тоғыз тұрғын жазылып, әрқайсысы өз өтініштері мен ұсыныстарын ашық айтты.
Кездесу барысында аудан тұрғындары жер телімін бөлу, тұрғын үй кезегі, жолдарды жөндеу мен асфальт төсеу, жұмысқа орналасу, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік қолдау секілді түрлі бағыттағы мәселелерді көтерді. Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, нақты жағдайлар бойынша түсіндірме берілді.
Аудан басшысы барлық сұрақтарға жауап бере отырып, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Әкім жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, әрбір өтініштің орындалу барысын бақылауда ұстауды міндеттеді.
– Мемлекеттік органдардың басты мақсаты – халықтың сенімін ақтау, олардың сұранысы мен қажеттіліктерін дер кезінде тыңдап, нақты шешім қабылдау. Әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Тиісті сала басшылары тұрғындармен үнемі байланыста болып, түйткілді жайттарды жүйелі түрде шешуі қажет, – деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Кездесуге келген тұрғындар өз кезегінде аудан басшысының ашық пікірлесу форматына ризашылықтарын білдіріп, осындай қабылдаулардың жиі өткізіліп тұруының маңыздылығын атап өтті.
Жеке қабылдау барысында айтылған барлық өтініштер арнайы тіркеліп, бақылауға алынды. Бірқатар сұрақтар сол сәтте шешімін тапса, күрделі мәселелер бойынша қосымша зерттеу және тиісті құжаттық рәсімдеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан әкімдігі мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Азаматтарды жеке қабылдау барысында айтылған ұсыныстар мен өтініштер алдағы жұмыс жоспарларына енгізіліп, нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда басты назарға алынады.