«Әр тұрғын өз үйінен бастау қажет!»

0

Қордай ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды тазалық жұмыстары өтті.

Ауқымды шараға мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ аудан жастары белсене қатысты.

Тазалық жұмыстары барысында орталық көшелер мен арықтар тазаланып, көше бойындағы арамшөптер оталып, қоқыс қалдықтары арнайы орындарға шығарылды. Мұндай іс-шаралар тұрғындарға тазалықтың маңызын ұғындыруға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған.

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков тазалау барысымен арнайы танысты. Жұмыс «Қордай» кеден бекетінен басталып, «Жібек жолы» көшесін толық қамтып, айналма жолға дейін жалғасты. Аудан басшысы қатысушылардың белсенділігін жоғары бағалай отырып, кейбір кемшіліктерге де назар аударды.

«Тазалық – тек акциямен шектелетін іс емес. Әр тұрғын тазалықты өз үйінен бастауы қажет», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудан басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Ол Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаевқа бірқатар сын-ескертпелер айтып, тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару бойынша жауапты мекемелердің жұмыс сапасы талқыланды. Аудан басшысы тиісті бөлім басшылары мен округ әкімдеріне анықталған кемшіліктерді жоюды және жұмыс барысы туралы нақты есеп беруді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.