Андреев Анатолий Иванович

0

А.И.Андреев 1923 жылы Ресейдің Новгород облысы, Старорусский  ауданында туған. 1941  жылдан Совет Армиясы қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1943 жылдан коммунист. Майдандық газеттердің тілшісі ретінде офицер Андреев талай  сұрапыл шайқастардың өрт-жалынынан өтіп, кеңес әскерлерінің қаһармандық ерліктерін баспасөзде паш еткен. Соғыстан кейін Кемеров облысында аудандық газеттің  жауапты хатшысы болды. 1950 жылы Новосібір партия  мектебін бітіргеннен кейін аудандық газеттің редакторы болып қызмет атқарды.

1953 жылы Анатолий Иванович Қордай ауданына қоныс аударды, Красный партизан ауылында тұрды. Бастапқыда облыстық “Знамя труда» газетінің  біздің аудандағы  меншікті  тілшісі, аудандық газет редакторының орынбасары, аудандық партия комитетінің  нұсқаушысы болды. Ал, аудандық газет «Қордай шамшырағы» — «Курдайский маяк» деген жаңа атпен шыға бастаған 1963 жылдан зейнетке шыққанға  дейін ширек ғасырға  жуық оның редакторы болды. Сан мәрте аудандық партия комитетінің мүшесі, халық депутаттары аудандық советінің депутаты болып сайланды.

Анатолий Иванович  өте еңбекқор жан еді. Мен басшымын деп шалқаюды білмейтін  тым қарапайым, өле-өлгенше қолынан қаламы түспеген өз кәсібіне  берілгендігімен  есте  қалды. Кабинетіне қашан кірсең де бір езулеп темекісін  бұрқыратып қойып, үнемі  жазу  жазып отыратын. Авторлардың,  тілшілердің  жазғандарын редакциялайтын. Қаламының желі бар жас тілшілерді  қолдайтын, жұмыстарын әділ бағалайтын. Лездемеде жақсы жазылған суреттемелерді мақтап, көтеріңкі қаламақы қойғызатын. Қоластындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына да сергек қарап, қамқорлық танытып отырды. Аудан басшылығы алдындағы  бар беделін салып жүріп 1984 жылы маған да жаңа салынған үйден төрт бөлмелі пәтер  әперген еді.

Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. А.И.Андреев 1989 жылы 66 жасында дүниеден өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.