КАРАТЭШІЛЕР КІМ МЫҚТЫНЫ АНЫҚТАДЫ

0

Жақында Қордай ауданындағы «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жастар, қыздар және балалар арасында шинкиокушинкай каратэдан аудандық ашық турнирі өтті.

Бұл жарыс спортшылар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Турнирге еліміздің әр аймағынан, атап айтқанда, Қордай және Меркі аудандарынан, Тараз қаласынан, Алматы қаласынан, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарынан келген спортшылармен бірге, көрші елдерден – Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Республикасынан келген талантты спортшылар да қатысты.

Ашылу рәсімінде сөз кезегі аудандық мәслихат төрағасына ұсынылды.

«Бүгінгі турнир – біздің жастарымыздың спортқа, дене тәрбиесіне қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ерекше маңызға ие. Спорт – тек физикалық мүмкіндіктерімізді дамыту емес, сондай-ақ тәртіп, тұрақтылық сынды қасиеттерге де тәрбиелейді. Біздің ауданның жастары түрлі спорттық жарыстарға қатысып, өз мүмкіндіктерін іске асыруда. Қазіргі таңда, осындай залда және осындай жарыстарда спортшыларды көріп, мен өте қуаныштымын», — деді Нұрдин Есенгелдіұлы.

Келесі сөз Жамбыл облысының шинкиошункай каратэ Федерациясының Вице-президенті Еркін Атымтаевқа берілді. Ол өз сөзінде турнирдің ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтты.

«Осындай жарыстар біздің қоғамдық өміріміздің ажырамас бөлігін құрайды және жастарымыздың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің мақсатымыз – жастарымызды спортпен айналысуға ынталандыру. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!», — деді ол.

Жарыс барысында қатысушылар салмақ дәрежесі мен жас ерекшеліктері бойынша топтарға бөлініп, өз шеберліктерін сынға салды. Спортшылар барынша ерік-жігермен бақ сынап, жеңіс үшін жанкешті күреске шықты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Бұл турнир тек жарыс қана емес, сонымен қатар жастар арасындағы достық, ынтымақтастық, және қоғамдық байланыстарды нығайту құралы да болды. Ауданда бұндай шаралардың өткізілуі болашақта жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.