АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШІ – НАЗАРДА

0

Қордай ауданында азаматтардың өтінішіне жедел әрекет ету, олардың мәселесін заң аясында шешу – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басым бағыттарының бірі екендігі белгілі. Осы орайда жұма күні Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Қабылдауға жауапты бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Бұл күні аудан әкімі орынбасарының қабылдауына 13 азамат жазылып, кезектен тыс тағы 3 аудан тұрғыны өз өтінішін жеткізді. Олардың басым бөлігі тұрғын үйге қатысты өтініштерін жеткізсе, кейбірі жер және өзге де мәселелерін қозғады.

Мәселен, қабылдауға келген Қордай ауылының бір тұрғыны тұрғын үй алу және баласын оңалту орталығына орналастыру мәселесін көтерді. Азаматша Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес 2024 жылы «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған. Оның өтініші заң аясында қарастырылып, тиісті түсініктемелер берілді.

Сондай-ақ тағы бір азамат Қордай ауылындағы Чуйская және Кенесары көшелерінің қиылысындағы тұйық жолдың жабылуы тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанын айтып, жолды қайта ашу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бұл мәселе бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.

Ал Әлжан ана ауылының тұрғыны  Қордай ауылы, Яссауи көшесіндегі арендалық тұрғын үйіндегі бірқатар ақаулар туралы мәлімдеді. Бұл жайт бойынша мердігер ұйымға хабар беріліп, ақауларды жою жұмыстары жақын күндері жүргізілмек.

Бақыт Сахатов әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.