Сортөбеде полиция бөлімшесі ашылды

0

20 қараша күні Сортөбе ауылында 75 келушіге арналған кенттік полиция бөлімшесінің ашылуы өтті.

Салтанатты шараға Жамбыл облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев арнайы қатысып, жеке құрамды және ауыл тұрғындарын маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтады.

Шара барысында сөз сөйлеген Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жаңа нысанның маңызын атап өтті:

– Бұл нысан – 80 мыңнан астам халқы бар «колхоз» аймағындағы 6 ауылдық округтің қауіпсіздігіне қызмет ететін үлкен тірек, тұрғындардың сенімін арттыратын абыройлы мекеме болмақ. Бұл бөлім халыққа қолжетімділікті арттырып қана қоймай, тәртіп сақшыларының қызметін жаңа сапаға шығарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында құқық қорғау жүйесінің ашықтығы, әділдігі және халыққа жақындығы – мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өткен болатын. Бүгінде осы тапсырмалардың Қордай жерінде нақты жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Бұл бөлімше тұрғындардың өтінішіне жедел әрекет етуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, алдын алу шараларын күшейтуге үлкен мүмкіндік береді», — деді ардагер.

Жаңадан пайдалануға берілген ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда полиция қызметкерлерінің жайлы әрі тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Салтанатты рәсімде бөлімшенің лентасы қиылып, жиылғандар нысанды аралап көрді.

Жергілікті жұртшылық жаңа нысан ауылдардың қауіпсіздігін нығайтып, тәртіп сақшыларының жұмысын жақсартуға зор серпін береді деп сенеді.

Жұмыс сапары барысында облыстық Полиция департаментінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев Қаракемер ауылына да барып, «Келешек мектеп» жобасы аясында заманауи стандарттарға сай салынған №54 білім ордасының жұмысымен танысты. Жаңа оқу нысанының материалдық-техникалық базасы мен мүмкіндіктері басшы тарапынан оң бағасын алды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.