Аудан әкімдігінің ақпарат алаңында кезекті брифинг Кенен ауылдық округі әкімінің қатысуымен өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте округ әкімі Арман Жылыбаев 2025 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді.
Кенен ауылдық округі әкімінің баяндамасына келсек, округтегі негізгі әлеуметтік нысандар: әкімдік, мектеп, амбулатория, мәдениет үйі, 2 балабақша, балалар шығармашылық орталығы, мешіт, пошта, мал дәрігерлік пункт және Кенен Әзірбаев музейі, сонымен бірге, округте 86 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Кенен ауылдық округі бір елді мекеннен тұрады. Халық саны – 2485 тұрғынды құрайды.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мал шаруашылығындағы көрсеткіштер:
Ірі қара – 1799 бас, қой-ешкі – 41 787 бас, жылқы – 1391 бас, құс – 2500 басты құрайды.
Ауыз су және көгілдір отын мәселесінде, қазіргі таңда ауыл тұрғындары тау бұлақтарынан келетін ашық су жүйесін пайдаланып отыр. Ал газдандыру бойынша, 378 үймен келісімшарт жасалып, толықтай қосылған.
Асарлатып үй салу бойынша, жалғызбасты ана Нәсіпті Әжікеноваға ауыл жастары және демеушілердің қолдауымен 5 бөлмелі үй салынып берілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 12 адамнан құралған ерікті жасақ құрылды. Сондай-ақ, су тасқыны, өрт қауіпсіздігі, улы газдың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Аудандық мансап орталығы арқылы 23 жұмыссыз қоғамдық жұмысқа тартылды.
Кенен ауылдық округінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық, шаруашылық және қоғамдық бағыттарда маңызды жұмыстар атқарылды. Бұл жетістіктер — тұрғындардың қолдауы, белсенді азаматтардың еңбегі және бірлескен жұмыстың нәтижесі.