Өңірге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Жиын барысында алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы сөз болды.
Кеңеске «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, су шаруашылығы мекемелері мен аудандардағы шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.
Аграрлы өңір саналатын Жамбыл облысы үшін бұл тақырыптардың өзектілігі ерекше. Биыл егістік алқап 640 мың гектарды құрап, 3,3 млн тонна өнім жиналды. Алайда климаттық қолайсыздықтар мен судың тапшылығы өнім көлеміне әсер етпей қоймады. Осыған орай, ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен суды үнемдеу технологияларын енгізу – уақыт талабы. Өңір басшылығы осы бағытта нақты жұмыстар атқаруда. Суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, орнына баламалы әрі тиімді өнім түрлерін енгізу қолға алынуда.
Жиында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы да қаралды. Аталған жоба – ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеп, табысын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді бастама.
Жамбыл облысында бұл жоба қарқынды іске асырылуда. Биылдың өзінде 5 млрд теңге көлемінде қаржы толық игеріліп, 394 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, 25 жоба ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға бағытталған. Бұл кооперативтер ет, сүт, шұбат өндіру мен өңдеу, балық шаруашылығы, тыңайтқыш, биогаз өндіру, жылыжай салу сияқты бағыттарды қамтиды. Жалпы 190 адам кооператив мүшесі ретінде тіркелсе, 100-ден аса адам (Д және Е санатындағы) осы жобалар арқылы жұмыспен қамтылады.
Жиында Қанат Алдабергенұлы кооперативтік қозғалысты кеңейту қажеттігін атап өтті. Яғни, ауыл тұрғындарын бірігіп жұмыс істеуге шақырып, келер жылы 1 млн адамды кооперативтерге тарту мақсаты қойылып отыр.
Бұл – ауыл экономикасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Партия тарапынан «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы жіті бақылауда және бұл бастама ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталады.