Өткен аптада аудан әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі I кеңес отырысы болып өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық етіп, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар ісі мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, ауыл әкімдері, бөлім басшылары мен кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіне төрт мәселе енгізіліп, барлығы жан-жақты қаралды. Атап айтсақ, бірінші мәселе Қордай ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы турасында Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Расул Беделбаев сөз алып, бұл бойынша кеңінен баяндама жасады. Жалпы аудан бойынша 30 102 жас бар. Бұл көрсеткіш аудан халқының 3,1 пайызын құрап отыр. Бүгінде жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы зор мүмкіндік беруде. Тоқтала өтсек, аудан бойынша 400 жас оқуға тіркеліп, бүгінгі күнге 150 жас қайтарымсыз грантқа ие болса, 12-сі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде несие алған. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да маңызы ерекше. Бүгінгі күнге бағдарлама аясында 61 маманға көтерме жәрдемақы және 7 маманға тұрғын үй сатып алуға қаржы берілді. Бұл жас мамандарды ауылға көптеп тартуға таптырмас мүмкіндік екені рас.
-Ағымдағы жылдың І жарты жылдығы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген жас азаматттардың саны 938. Оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың саны 345, қоғамдық жұмысқа жіберілген жастардың саны 217, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасқандардың саны 187, «Жастар тәжірибесі» арқылы жолданғандар саны 76, тұрақты жұмысқа орналасқан жастар саны 19. Жыл басынан «Жастар ресурстық орталығы» мен Жұмыспен қамту орталығымен бірлесе жұмыссыз жастарға бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, онда 800 — ге жуық жас қамтылды, — дейді мемеме басшысы Расул Базарбаев.
Осыдан кейін, ауданда жастар арасында құқық бұзушылықты және қылмыстың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары бойынша аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Жанар Қосжанова баяндама жасады. Ал, күн тәртібіндегі үшінші мәселе Қарасай ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесова, Сортөбе ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло да сөз алып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша есеп берді. Сөз соңында Дамира Маратқызы бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Мәселен, ауылдық округ әкімдеріне ауыл жастарының арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауды жүйелі жүргізуді қолға алып, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудан көлемінде тиісті бөлімдермен тығыз жұмыстарын одан әрі жалғастыру, мемлекеттік бағдарламаларды аудан жастарының арасында кеңінен насихатталуын, жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша іс-шаралар тұрақты өткізу мен жұмыссыз ретінде тіркелген жастарды біліміне, елді мекеніне қарай толыққанды талдау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Кеңес соңында облыстық жастар ісі мәселелерінің басшысы Серікбол Берікқожа да сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жоспарлы жұмыстарға да тоқталып өтті.