Жамбыл облысының прокуроры Берік Әбілов ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапарының алғашқы кезеңінде облыс прокуроры жергілікті прокуратура қызметкерлерімен танысып, олардың ұсыныстарын тыңдап, ой бөлісіп, пікір алмасты.
Келесі кезекте, прокурор Масаншы ауылдық округі әкімдігінің аппаратында жиналыс өткізді. Бұл басқосуға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, ауылдық округ ардагерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Басқосуда, ұлтаралық тұрақтылық пен келісім мәселелері қозғалды. Аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы сөз алып, аудандағы өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынастың тұрақты екендігін баяндап, бірлік пен келісімді сақтау ел дамуының негізі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік тепе-теңдігін сақтау мақсатында, түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп тұратынын тілге тиек етті.
Осыдан кейін прокурор жергілікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жақында ашылған Сортөбе ауылындағы 75 келушіге арналған кенттік полиция бөлімшесімен танысты. Бұл бөлімше халыққа қызмет көрсету сапасын жоғарылатуды және құқық бұзушылықтарды болдырмауды көздейді.
Сапар барысында Берік Рахатұлы, сондай-ақ Қарасу ауылдық округінде орналасқан Сингапурлік компания «КОRCEМ» ЖШС цемент зауытын аралап, ондағы жұмыс барысын бақылап, жұмыстың сапасымен танысты. Зауыттың ашылуы аудан экономикасына зор үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызды. Прокурор, өндіріс орындарын бақылау керектігін, сонымен қатар қауіпсіздік ережелері мен экологиялық нормалардың сақталуын назарда ұстау қажет екендігін баса айтты.
Түс ауа, облыс прокуроры Берік Әбілов «Қордай» кеден бекетінің жұмысымен танысу үшін сапарын одан әрі жалғастырды. Кеден бекеті халықаралық сауда мен транзиттік көлік дәліздері үшін маңызды нүкте болып табылады. Прокурор кеден қызметкерлерімен кездесу өткізіп, олардың жұмыс процессімен танысты, осы саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ұсыныстарын тыңдады. Бұл кездесуде Берік Әбілов кедендік рәсімдер мен бақылау механизмдерінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Ол қызметкерлерге заңнаманы сақтау мен үнемі қызметтің сапасын жетілдіру туралы нақты тапсырмалар берді.
Осыдан кейін, прокурор Қордай аудандық полиция бөлімінің ғимаратымен танысып, бұл жердегі құқық қорғау ұйымының инфрақұрылымы мен қызмет процестерін бағалады. Бөлім қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардан полиция жұмысына қатысты бірқатар пікірлер мен ұсыныстарын тыңдады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ