Аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған жұмысшы топ Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және облыс әкімінің тапсырмасы аясында ауылдық округтерді аралап, тұрғындарды қабылдау жұмыстарын жалғастыруда. Осының арқасында ауыл-аймақта тұратын ағайын аудан орталығына бармай-ақ, өздерін мазалап жүрген проблемаларын жергілікті жерде шешуге мүмкіндік алды. Осы орайда, аталмыш жиындардың арқасында аудан әкімінің жеке қабылдауларына шағымын айтып келетін азаматтар қатарының айтарлықтай сейілгенін атап өткен жөн.
Дүйсенбі күні аудан басшысының кезекті қоғамдық қабылдауы Отар ауылында жалғасып, іс-шараға құқық қорғау органдары мен халыққа қызмет көрсететін мекемелердің өкілдері қатысты. Ауыл тұрғындары мұндай сәтті қалт жібермей Кенен Әзірбаев атындағы ауылдық мектептің алдына жиналып, басшылық өкілдеріне сұрақтарын қойды.
Айта кетсек, Отар ауылдық округінде биыл ауқымды жұмыс атқарылды. Ауылда көшелер жөнделіп, жарық шамдар орнатылды. Ауыз су мәселесі біршама шешіліп, жаңа спорттық-сауықтыру кешені бой көтеріп, жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Халықтың серуендеуіне арналған саяжай да ретке келтірілді. Жаңа тұрғын үйлерге арналған жер учаскелері белгіленіп, қажетті коммуникациялар тартыла бастады. Ауылдың маңынан автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, бұл нысан осы аймақты толығымен газбен қамтитын болады. Ауыл көшелеріне газ құбырлары тартылып қойған. Десе де, бұл мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ.
Осыған байланысты көпке ортақ сұрақтың бірі газдандыру мәселесі болды. Бұл бойынша Рүстем Рысбайұлы, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің және құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өкілі жауап беріп, мәселенің мән-жайын ағынан ақтарды. Іс-шарада тұрғындар жеке сұрақтарымен жауапты мамандарға қайырылып, сауалдарын қойды. Мысалы, біреуі жерге қатысты сұрағын қойса, ендібіреуі жәрдемақы алу, жұмыспен қамту және бизнеске несие алу сынды мәселелер бойынша кеңес алды.
«Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде өтіп жатқанын көрдік. Аудан басшысы отарлықтарды мазалап жүрген барлық сұраққа лайықты түрде жауап берді. Ал, мамандар қарапайым тұрғындарға ақыл-кеңестерін айтып, көмегін берді. Осындай қоғамдық қабылдаудың арқасында біршама проблема аудан орталығына бармай-ақ, осында шешілді. Осы үшін басшылыққа алғысымды айтамын», — деді әкімнің қабылдауында болған Саламат Молдажанов.
Осы күні түс ауа аудан басшысының қоғамдық қабылдауы Кенен ауылында жалғасты. Биыл Кенен ауылында ауыз толтырып айтарлық жаңалық көп. Ауылға газ тартылып, ауыз су жүйесі толығымен жаңартылды. Сонымен қатар, ауылдың 8 көшесіне асфальт төсеу жұмыстары қолға алынды. Ұлы ақынның атындағы әдеби-мемориалдық музейге де жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар аудан әкімі және бөлім, мекеме басшыларына, құқық қорғау органдарының өкілдеріне өз сұрақтарын қойды. Қабылдауға бірінші жазылған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңғар Алдасүгіров ауыл тұрғындарының атынан сөз сөйлеп, бүгінгі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға алғысын айтты. Сонымен қатар, ол әлі аяқталмаған жұмыстардың орындалуы қатаң бақылауда болса екен, деген тілегін жеткізді. Осы күні әкімнің қабылдауына ҰОС-ның ардагері Керімқұл Қосақов та келіп, өз тілегін жеткізді. Жеке бастың жайын қаузаған мәселелерімен келген кенендіктер мамандардан кәсіби кеңес алып, тұшымды жауабын естіді.