Өткен аптада Қордай ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға мектеп директорлары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, білім, полиция және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Жиында алғашқы болып Қордай аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Әмірбеков баяндама жасап, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдерге қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысының жастар тәрбиесіне ерекше мән беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция, білім бөлімі, комиссия, жастар орталықтары мен прокуратура қызметкерлерінен құралған мобильдік топтар жұмыс істеуде. Олар түнгі рейдтер мен профилактикалық іс—шаралар ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп», «Тұрмыс», «Зорлық—зомбылықсыз 16 күн», «Учаске», «Есептегі тұлға» секілді кешенді іс—шаралар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 2025 жылдың 12 айында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың бірқатарының жолы кесілді. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы Қордай ауданында 405 рейдтік іс—шара өткізілген. Нәтижесінде 1139 жасөспірім полицияға жеткізіліп, олардың 1054-інің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған», — деді баяндамашы.
Дегенмен, атқарылған жұмыстарға қарамастан, 2025 жылдың 12 айында Қордай ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты 23 қылмыс тіркеліп, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 35,3 пайызға артқан (2024 жылы – 17 дерек). Оның ішінде 14 жағдай жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарға қатысты. Бұл деректер отбасындағы тәрбие мен жауапкершілік деңгейінің әлсіздігін, сондай-ақ балалар қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын аңғартады. Мұндай оқиғалар – тек қылмыстық мәселе ғана емес, қоғамның моральдық ахуалына төнген елеулі дабыл екендігін айтты полиция өкілі.
Осыған байланысты ата-аналар жиналыстарында түсіндірме жұмыстары күшейтіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 120-124-баптары кеңінен түсіндірілуде. Ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға, ұлттық салт-дәстүр мен отбасы құндылықтарын сақтауға шақыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Жаңа оқу жылынан бастап ата-аналар, оқушылар және білімгерлер арасында тұрақты жиналыстар өткізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, 2026 жыл ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан «Балалар жылы» деп жарияланды. Осыған орай, алдағы жылы кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілмек.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков баяндама жасап, білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өткір мәселенің бірі – суицид жасауға бейім балалардың психоэмоционалды жағдайын ерте анықтау және олармен жұмыс істеу. Осы бағытта мектеп психологтарының оқушылардың суицидтік тәуекелдерін диагностикалау және алдын алу бағытында профилактикалық жұмыс жүргізді.
Сонымен қатар, аудандық прокуратура мен мобильдік топтың бірлескен жұмысы нәтижесінде 2025 жылдың желтоқсан айында жүргізілген рейдтер барысында 13 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен жауапкершілікке тартылған.
Жиын барысында аудандық орталық аурухананың алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі құрылымдық бөлімше басшысы Мейрамкүл Балпукова мүгедектігі бар балалардың тұрғын үй жағдайлары мен жалпы ахуалы туралы баяндама жасады. Қордай ауданы бойынша мүгедек балалардың жалпы саны – 403. Оның ішінде 2025 жылы алғаш рет мүгедектікке шыққан балалар саны 59-ды құрап отыр. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 45 болған. Бұл балалар мүгедектігінің өсу үрдісін көрсетеді.
Баяндамашы балалар мүгедектігін төмендету – мемлекет пен қоғамның жүйелі әрі бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Осы мақсатта Қордай аудандық орталық ауруханасының базасында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ерте диагностика (перинаталды және аудиологиялық скринингтер), асқынуларды ерте анықтау жүйесі енгізілген. 2025 жылы балаларға арналған Даму және ерте араласу орталығы ашылған.
Сонымен бірге, дәрігерлерге ұрықтың даму ақауларын ерте кезеңде анықтау мақсатында ультрадыбыстық диагностика бойынша тұрақты оқыту жүргізіліп, соңғы үлгідегі эксперттік класстағы УДЗ аппараты сатып алынған.
Жиынды қорытындылаған комиссия төрайымы Дамира Маратқызы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Ол профилактикалық шараларды жүйелі жүргізіп, тәуекел тобындағы балалар мен отбасыларға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.