АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – ИГІ ІС

0

Жамбыл ауылында орналасқан «Динагүл» жеке кәсіпкерлігі мал шаруашылығын дамытуда жетістіктерге жетіп, елеулі үлес қосуда. Бұл кәсіпкерлік негізінен ірі қара мал өсіруге бағытталып, Динагүл Байдуллаева кәсібін дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол тауып отыр.

2020 жылы Динагүл Мамытқызы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 3 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Осы қаражатты тиімді пайдаланған кәсіпкер өз шаруашылығын дамыту үшін ірі қара сатып алды.

Үй іргесінде малды ұстауға оңтайлы жағдайлар жасалынды. Қоражай салынып, онда малдардың жайлы ұсталуы үшін барлық қажеттілік ескерілді.

Динагүл Байдуллаеваның бастамалары мен еңбегі барлық кәсіпкерлерге үлгі болып, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға деген ұмтылыстың нышаны ретінде танылады.

«Мен өз кәсіпкерлігімді дамытуға, әсіресе ірі қара мал өсіруге ерекше көңіл бөлемін. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 3 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алдым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Алғашында 2 бас сиыр мен 7 тана сатып алып, арнайы қоражай салдым. Осылайша, өз шаруашылығымды үй іргесінен бастадым», — дейді кәсіпкер.

Кейіпкеріміздің кәсіпкерлігінің басты мақсаты – мал басын көбейту. Ол үшін жайлы жағдайлар жасалып, малды толыққанды азықтандыру жүйесі ұйымдастырылған.

«Мен малдарымды тек сапалы азықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың күтіміне де ерекше көңіл бөлемін. Бұл олардың өнімділігін арттыруға көмектеседі», — дейді кейіпкеріміз.

Динагүл Мамытқызы, болашақта шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол мал санын арттырып, ауыл тұрғындарын табиғи өнімдермен қамтамасыз ету арқылы жергілікті экономикаға үлес қосуды көздейді.

«Осындай мүмкіндіктер үшін мен мемлекет пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына алғысымды білдіремін. Олар жеке кәсібімді дамытуға және ауыл экономикасын нығайтуға көмектесті. Ауылымызда мал шаруашылығын дамыта отырып, болашағы жарқын ауылдардың қалыптасуына септігімді тигізуге дайынмын!», — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.