2 ақпан – Қазақстандағы баспасөз күніне орай, аудандық білім бөліміне қарасты №1 Д.Қонаев атындағы мектеп гимназиясының 9-шы сынып оқушылары ауданымыздың бас басылымы «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінің редакциясына саяхат жасады.
Бұл саяхат оқушылар үшін ерекше маңызды сәт болды, себебі олар журналистиканың қалай жұмыс істейтінімен, газеттің шығару тәсілімен және журналистердің қоғамдағы рөлімен танысты. Экскурсия барысында, оқушылар редакцияның тарихымен және оның қалыптасуына әсер еткен түрлі оқиғалармен таныстырылды. Редакцияның қызметкерлері жастарды журналистиканың маңызы мен оның қоғамға қосатын үлесі жайлы әңгімелеп берді. Газет тек жаңалықтарды қана жариялап қоймай, тұрғындардың пікірлері мен мәселелерінің шешімін іздеуде маңызды құрал екендігі айтылды.
Журналист – бұл шындықты айту, қоғамдағы әділетсіздіктермен күресу, халықтың мұң-мұқтажын білдіру үшін лайықты саяси және моральдық жауапкершілікті өз мойнына алған адам. Олар қаламмен қорғап, халықтың сеніміне ие бола отырып, әлемді өзгертуге қабілетті.
Кейбір оқушылар болашақта журналист болуға қызығушылық танытты, ал басқалары журналистиканың қаншалықты жауапты және шығармашылық жұмыс екенін түсінді.
Экскурсияда оқушылар «Қордай шамшырағы» газетінің архивтік нөмірлерін қарап, басылымның сыртқы келбеті мен мазмұнына назар аударды.
Бұл саяхат оқушыларға журналистиканың құдіретін, оның қоғамдағы рөлін және мамандық иелерінің кәсіби біліктілігін тереңірек түсінуге жол ашты. Баспасөз күні мен газет редакциясына саяхат – оқушылар үшін ақпараттық қоғамның бір бөлігі болып, өз жолдарын табу үшін үлкен мүмкіндік.