ТАРИХТЫҢ АЛТЫН САНДЫҒЫ

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында маңызды жиын өтті, онда мемлекеттік архивтердегі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Ұлттық архив қорының құжаттарын, сондай-ақ басқа да архивтік құжаттарды ведомстволық және жеке архивтердің қабылдау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидалары талқыланды.

Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл төрағалық етіп, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер құжаттама басқармасының «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ директоры Қатира Уалиева, архив қызметкерлері, салалық бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиын барысында құжаттаманы басқарудың заманауи тәсілдері мен электрондық құжат айналымы жүйелерінің ерекшеліктері де сөз болды. Қатира Уалиева, қатысушыларға электрондық жүйелердің тиімділігін, ақпараттың қолжетімділігін арттыру жолдарын, сондай-ақ құжаттардың қауіпсіздігі мен құпиялылық мәселелерін атап өтті.

«Архивтің негізгі міндеттерінің бірі – архив қорын толықтыру мен сақтаудың инновациялық әдістерін енгізу, сондай-ақ жинақтау көздерімен тиімді әріптестікті жолға қою. Әріптестіктің маңызды бағыттары – іс жүргізудің жай-күйі мен құжаттардың ведомстволық сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ «Е-Архив» жүйесінде жұмысты жүзеге асыру болып табылады», — деді Қатира Құрманғалиқызы.

Ол, әсіресе, ауылдық округ әкімдеріне электрондық құжаттаманы енгізу қажеттілігін және оның артықшылықтарын түсіндіре отырып, осы бағытта белсенді жұмыс істеуге шақырды.

«Архивтер – біздің ел тарихымыздың алтын сандығы. Мұндағы деректер мен құжаттар елдің мәдениеті мен өткенін сақтаушы ретінде әрекет етеді. Соның арқасында біз өткенге көз жүгіртіп, қазіргі мен болашақ арасында сабақтастық орнатамыз. Біз тек архивті сақтау арқылы ғана даусыз маңызды ақпаратты қорғап, болашақ ұрпаққа тасымалдай аламыз», — деді аудан әкімі аппаратының басшысы.

Аталған жиынның басты мақсаты – архивтік құжаттарды сандық форматқа көшіру, тиімді басқару және халыққа ақпарат беру жұмысын жаңарту. Бұл шаралар мемлекеттік архивтерді жаңғырту мен дамытуға, олардағы құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.