«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауына арқау болған негізгі бағыттардың бірі. Тұжырымданың мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату, барынша ашық және есепті мемлекет қалыптастыру. Яғни, азаматтардың барлық өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап беруді көздейді.
Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, осы тұжырымдаманың шеңберінде, Қарасу ауылдық округі тұрғындарымен есептік жиын өткізді. Жиынға ауданның бөлім және мекеме жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл жиын тұрғындардың мәселелеріне жауап беріп, оларды алаңдатқан сұрақтарды талқылауға бағытталған.
Округ әкімі Жанияз Әлханның мәлімдемесіне сәйкес, Қарасу ауылында 1020 аула орналасқан, соның ішінде табиғи газға қосылған аула саны 510-ды, яғни 50% құрайды. Ал Өтеген ауылында 233 ауладан 162 аула немесе 69% табиғи газбен қамтылған. Бүгінде, өткен жылы бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстар аясында, Қарасу ауылдық округінің Тілеміс көшесінде көше жарықтандыру жүйелері жүргізіліпті.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына таза ауыз су жеткізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қарасу ауылында 732 абонент, яғни 71% ауыз суға қосылған, ал Өтеген ауылында бұл көрсеткіш 32%-ды, яғни 75 абонентті құрайды. Атап айтқанда, Қарасу ауылында су тарату құбырлары арқылы ауыз суды беру жұмыстары жүзеге асырылып, қоғамдық су ұңғымаларына қызмет көрсету жұмыстары жүргізілген.
«Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында да ауылда көптеген іс-шаралар атқарылды. Округте жалпы 15 жаппай сенбілік ұйымдастырылып, оған барлық мекемелер мен ауыл тұрғындары белсене қатысты. Сенбілік барысында арықтар тазаланып, Қарасу-Өтеген автожолының бойында орналасқан қураған ағаштар кесіліп, шөптері орылды. Ауыл ішіндегі көлік жолдары, көшелердің бойы, сондай-ақ «Қарасу» кеден бекетінің аумағы да күл-қоқыстан тазартылды», — деді округ әкімі.
Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту және ауылдық округтің инфрақұрылымын дамыту үшін аса маңызды. Мемлекетіміздің бағытына сай, халықтың мүддесін қорғай отырып, жергілікті билік халықпен тығыз жұмыс істеп, мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуда.
Шара барысында, тұрғындар өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, проблемаларын ашық білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың қатысуымен өткен есептік жиында аталған округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты мәселелер талқыланды.
Бегзат Сейсенқұлұлы, ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен талаптарына назар аудара отырып, олардың пікірлерін тыңдап, оған байланысты шараларды қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Әкімнің атап өтуі бойынша, әкімдік тұрғындардың мәселелерін жедел және тиімді шешуге бағытталған шараларды белсенді түрде жалғастырады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де жүзеге асуда. Алайда, бұдан да маңыздысы – халықтың өзі белсенді түрде қатысатын диалог құру, сол арқылы мемлекеттің қажеттіліктерін айқындап, тұрғындардың өмір деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру болып табылады.