ЕРЕКШЕ ЖІГІТЕР ЖАРЫС ЖОЛЫНА ШЫҚТЫ

0

Қордай ауылының «Цемзауыт» ықшам ауданындағы мәдениет үйі мен мүгедек балаларды оңалту орталығы мамандары бірлесе отырып, ерекше балалар арасында «Ерекше жүрек – Ерекше жігіт – Ерекше рух» атты «Жігіт сұлтаны» байқауын ұйымдастырды. Бұл шара балалардың талантын шыңдауға, олардың шығармашылық қабілеті мен рухын дәріптеуге арналған.

Байқауға орталықтың төрт ұлы қатысты: Ескербай Еділбай, Бақыт Нұрмұхаммед, Сәрсебай Сабыржан және Үмітжан Қамбархан. Сайыс төрт кезеңнен тұрды: «Таныстыру», «Ұлттық аспаптарды насихаттау», «Өз өнерін таныстыру» және «Білек жарысы».

Шараның ашылуында орталық қызметкерлері қазақ биімен көрермендерді сүйсіндірсе, қыздар «Қамажай» биін орындап, ұлдар аспаптармен оркестр ойнап өнерлерін көрсетті. Қатысушылар ертегі кейіпкерлерін сомдап, Толағай, Желаяқ, Алдар Көсе және Бауырсақ рөлдерінде өнер көрсетті.

Бас жүлдені Үмітжан Қамбархан жеңіп алды. Басқа қатысушылар да өздерін көрсете білгені үшін «Өнерлі жігіт», «Сабырлы жігіт» және «Сегіз қырлы бір сырлы» номинацияларымен марапатталды.

Мерекеге келген қонақтар құттықтап, бағалы сыйлықтарын тапсырды. Қатысушылар алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Байқау ерекше балалардың шығармашылық қабілетін, жігерін және рухын паш ететін маңызды іс-шара ретінде есте қалды.

Н.ЖАМАНҚҰЛОВА, Мүгедек балаларды оңалту орталығы әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.