РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ

0

18 ақпанда Тараз қаласында Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге дайындық барысы жан-жақты қаралды.

Отырысқа облыстық аумақтық референдум комиссиясының толық құрамы мен қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары қатысты. Қатысушылар күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылап, алда тұрған нақты міндеттерді айқындады.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе — Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы ұйымдастырған «Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы онлайн форматтағы оқыту семинары болды.

Аталған семинарға Жамбыл облысының аумақтық референдум комиссияларының өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мүшелері толық қатысты.

Семинардың басты мақсаты – референдум комиссиялары мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша білімдерін тереңдету.

Оқыту барысында референдум науқандарын дайындау және өткізу ерекшеліктері, ақпараттандыру жұмыстарының ұйымдастырылуы, жариялылық қағидаттарын сақтау, құқықтық аспектілер, референдумды қаржыландыру тәртібі, халықаралық байқауды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Семинар қорытындысы бойынша ұсынылған барлық әдістемелік материалдар мен түсіндірмелерді басшылыққа алу тапсырылды.

Сонымен қатар, берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрақты бақылау жүргізу міндеті жүктелді.

Отырыста республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу барысында бөлінген бюджет қаражатының мақсатты, тиімді және заңды жұмсалуы ерекше назарға алынды.

Бұл бағыттағы жұмыстарға жауапты тұлғалар бекітіліп, олардың тұрақты бақылауы қамтамасыз етілетіні атап өтілді.

Референдум өткізу кезеңінде есептік нысандардың, хаттамалардың және өзге де рәсімдік құжаттардың белгіленген үлгіге сай дұрыс толтырылуы — аса маңызды талаптардың бірі болуына байланысты, комиссия мүшелеріне мәліметтердің дұрыстығына, заңнама талаптарына сәйкестігіне, қателіктер мен түзетулерге жол бермеуге ерекше назар аудару тапсырылды. Алдын-ала тексеру мен ішкі бақылау жүргізу міндеті де белгіленді.

Республикалық референдумды сапалы өткізу үшін учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшыларын оқыту жұмыстары ұйымдастырылады.

Оқыту барысында дауыс беру күнгі рәсімдер, құжаттарды толтыру тәртібі, даулы жағдайлардың алдын-алу, заң талаптарын сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілетін болады.

Әрбір қатысушыға әдістемелік көмек көрсетіліп, тәжірибелік түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, оқу процесінің сапалы ұйымдастырылуына қажетті барлық техникалық және ақпараттық жағдайлар жасалады.

Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары мүшелеріне референдумды ұйымдастыру мен өткізу барысында заңдылық, ашықтық, жариялылық және тиімділік қағидаттарын басшылыққа алу қатаң тапсырылды.

Алдағы кезеңде облыс аумағында республикалық референдумды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге бағытталған кешенді жұмыстар жалғасатын болады.

Референдум – ел дамуының маңызды саяси тетігі. Сондықтан оны ұйымдастыруда әрбір кезеңнің нақты жоспарланып, заң талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылуы — басты міндет.

Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.