«ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ: ЖЫР МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ»

0

Биыл қазақтың ұлы жырауы, айтыс ақыны – Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осы орайда, Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылының №7 Бетқайнар колледжінде облыстық әдеби-сазды байқау өткізілді.

Бұл шара – Жамбыл облысының түрлі колледждерінен келген жастардың шығармашылық қабілеттерін көрсету, жыр алыбының мұрасын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауға Тараз «Парасат» жоғары колледжі, Тараз мамандандырылған колледжі, №7 Бетқайнар колледжі, «Береке» гуманитарлы-техникалық колледжі, «Қордай» гуманитарлы-экономикалық колледжі, Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі, №3 Байзақ колледжі, Қаратау технология, білім және бизнес колледжі, №27 Ы.Алтынсарин ОМ, «Шу теміржол» колледжі, Қордай ауылшаруашылық колледжі мен Қаратау тау-кен технологиялық колледждері қатысты. Шара барысында өнерпаздар екі кезең бойынша өз бақтарын сынады.

Бірінші кезеңде, өнерпаздар «Жамбылдың жырлары – мәңгілік мұра» тақырыбында Жамбыл Жабаевтың бір өлеңін мәнерлеп оқыды. Жастардың поэзияны осылайша қабылдауы, оның мәнерін түсінуі, ұлттық мұраны жандандырудағы басты қадам.

Екінші кезең – «Ақын өмірінен сахналық көрініс» деп аталды. Бұл кезеңде өнерпаздар Жамбыл Жабаевтың өмірін, шығармашылығын сахнада көрсетіп, оның мәдениет пен дәстүрдегі рөлін ашуға тырысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – Жамбыл Жабаевтың бай мұрасын жастарға таныстыру мен насихаттау. Сонымен қатар, жастардың көркем сөз оқу мәдениетін жетілдіру, әдеби талғамдарын қалыптастыруға бағытталған.

Аталмыш байқау жастардың қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, алдағы уақытта да мұндай шаралардың ұйымдастырылып тұруын қамтамасыз ету қажеттілігін көрсетеді. Жамбыл Жабаевтың мұрасы – мәңгілік, болашағымыздың тірегі.

Байқау қорытындысына келсек, әділ-қазылар алқасының шешімімен, алғашқы кезеңде: жүлделі үшінші орынды – Наргиза Тұрсынхан («Қордай» гуманитарлы-экономикалық колледжі), Лейла Гасирова (№7 Бетқайнар колледжі), Балауса Ермұхан (№27 Ы.Алтынсарин ОМ) еншіледі. Екінші орын – №7 Бетқайнар колледжінің білімгері Манарбек Рамазановқа бұйырды. Ал, бірінші орынды – Тараз Парасат колледжінің білімгері Жансерік Конгратбай жеңіп алды.

Екінші кезең бойынша – жүлделі үшінші орынға – «Қордай» гуманитарлы-экономикалық колледжі жайғасса, екінші орынды – «Береке» гуманитарлы-техникалық колледжі қанжығасына байлады. Ал, Тараз мамандандырылған колледжі байқау жеңімпазы атанды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер және қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар және арнайы сертификаттармен марапатталды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.